Астанада жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздарына ақшалай сыйақылар табысталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ІІІ жасөспірімдер Олимпиадасының чемпиондары мен жүлдегерлеріне құрметтеу көрсету шарасы өтті. Жиынға ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен ҚР Мәдениет және спорт министріАрыстанбек Мұхамедиұлы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, 2018 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында жоғары нәтиже көрсеткен чемпиондар мен жүлдегерлерге келесідей көлемде сыйақы беріледі: «алтын» үшін $10 000, «күміс» үшін $5 000 және «қолаға» $3 000. Сондай-ақ жеңімпаздардың бапкерлеріне де қаржылай сыйақы қарастырылған.


«Сіздер халықаралық додалар мен Азия чемпионаттарында көзге түсіп, жасөспірімдер Олимпиадасы секілді кешенді жарыста алғаш рет бақ сынадыңыздар. Бұл үлкен тәжірибе. Ал бір-бірлеріңе қолдау көрсетіп, бір ту астында біріккендерің - біз үшін үлкен қуаныш. Сіздер тұтас командаға айналып, Ұлттық Олимпиадалық комитеттің басты мақсатын жүзеге асырдыңыздар», - деді ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев. 

Еске салайық, Буэнос-Айресте Қазақстан құрамасы төрт алтын, үш күміс және үш қола медаль жеңіп алған болатын. Одан бөлек, халықаралық командалар сапында күміс және қола жүлде иеленді.

Аргентинада ел намысын спорттың 23 түрінен 58 атлет қорғады.

Келесі жасөспірімдер Олимпиадасы 2022 жылы Сенегалда өтеді.


Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпиондары: 

Бекарыс Сәдуақас (дзюдо), Диас Бахраддин (ескек есу), Глеб Брусенский мен Евгений Федоров (велоспорт), Айбек Оралбай (бокс).

Күміс жүлдегерлер: Дамир Тойбай (бокс), Талғат Шайкен (бокс), Маргарита Гриценко (дзюдо).

Қола жүлдегерлер: Надежда Рябец (бокс), Стелла Суханова (ескек есу), Әбілмансұр Батырғали (карате).

Халықаралық команда сапында Роза Әбитова (көркем гимнастика) күміс, Бекарыс Сәдуақас (дзюдо) қола медаль жеңіп алды.

 

 

Соңғы жаңалықтар