Астанада жасанды интеллект қызмет көрсететін ХҚКО ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ төрағасы Абылайхан Оспанов елордада ашылатын Электронды қызмет орталығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төрағаның айтуынша, Электронды қызмет орталығы - Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңа түріне айналмақ.  
«Электронды қызмет орталығында «тірі» оператор болмайды, тек қана жасанды интеллект жұмыс істейді. Виртуалды кеңесші Айсана анықтама алудың жолдарын көрсетіп, қажетті секторға бағыттайтын болады. Мұнда «M-gov» мобильді қосымшасының мүмкіндіктерімен танысуға, ұялы байланыс операторын ауыстыруға, нөмір алуға және электронды цифрлық қолтаңбаны SIM-картаға жазуға болады», - деді А. Оспанов.

Жаңа орталықта тұрғындар жүргізуші куәлігін алу үшін алдын ала сынақтан өте алады және «digitaldrive» қондырғысы арқылы экстремалды жағдайларда көлік жүргізуге машықтанады. Мұндай қабілетті шынайы автокөлікпен көрсету мүмкін емес.

«Орталықта «Videocallroom» қызметі де бар, бұл арқылы тұрғындар мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына бейнеүндеу қалдырады.  Өз кезегінде басшылар өтінім берушінің электронды поштасына 15 күнде жауап жолдаулары тиіс. Және баршаға қолжетімді орындар арқылы тұрғындар электронды үкіметтен биометриялық деректер, электронды-цифрлық қолтаңба немесе бір реттік құпиясөз арқылы ақпараттық анықтаманың 44 түрін шығара алады», - деп өз сөзін толықтырды спикер. 

Одан бөлек, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында орталықта бекітілген кесте бойынша оқыту семинарлары ұйымдастырылады және оқыту қорытындысы бойынша сертификаттар беріледі. 

Соңғы жаңалықтар