Астанада жас көшбасшылар форумы өтіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана жастары - болашақтың иесі» атты форумда келер жылы атқарылатын жастарға арналған шаралар мен идеялар талқылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда әкімдігі мен Қоғамдық даму министрлігіне қарасты Жастар және отбасы істері комитеті бірлесіп ұйымдастырған шараға ЖОО мен колледждердің көшбасшы студенттері қатысуда.

«Бүгінгі шараның мақсаты - Астанадағы жастар ұйымдарының көшбасшыларымен алдағы жастар жылына орай өтетін іс-шараларды талқылау және жастардың ұсыныстары мен идеяларын тыңдау. Еркін диалогтік форматта өтіп жатқан форумда жастар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алумен қатар, өз ұсыныстарын білдіре алады. Біз өз кезегімізде оларды тыңдап, соның негізінде кешенді бағдарлама әзірлейтін боламыз», - деді Астана қаласы әкімдігі Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин.

Оның айтуынша Астана жастары республикалық дейгейдегі маңызы бар жобаларда нақты істерімен өз үлестерін қосуы тиіс.

Бүгінде елімізде әкімдіктер мен мемлекеттік органдардан бөлек жастар саясатымен айналысатын 549 үкіметтік емес ұйым бар, оның 10-ы республикалық деңгейде.

«Жастар саясаты мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі, ол туралы Елбасымыз өзінің әр жолдауы мен қатысқан жиындарында айтып жүр. Қазақстанда 18 млн-нан астам халық болса, соның 4 млн-ы жастар. Олар ішінара түрлі категорияларға бөлінеді -  студенттер, жұмыс істейтін мен жұмыс істемейтін жастар және тағы басқа. Осы тұрғыда бізге алдымен аталған критерийлерді анықтап, жалпы қабылданатын бағдарлама соның барлығын қамтуы тиіс», - деді ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Оралов.

null

Оның сөзіне қарағанда, жастарға арналған бағдарламаның 5 негізгі басым бағыты болуы қажет, алдымен сапалы және қолжетімді білім, екінші тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, үшінші жастар үшін қолжетімді баспана, төртінші, жас отбасыларға шаңырақты сақтау мен бала тәрбиесінде қолдау көрсету және соңғысы жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу.

Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын Елбасының жарлығымен 2019 жыл жастар жылы болып жарияланды.

Соңғы жаңалықтар