Астанада Жапония елшісінің қабылдауы өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапон халқының ұлы мәртебелі императоры Акихитоның туған күніне орай елордада елшінің қабылдау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоғары мәртебелі император осы жылдың 23 желтоқсан күні 85 жасқа толады. Императордың туған күнін сіздермен бірге атап өткім келді. Екі ел арасындағы қарым-қатынас әртүрлі салаларда жыл санап артуда. Атап айтсақ, биыл маусым айында Астанада экономика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Жапония үкіметтік және жеке секторлары бірлескен комиссиясының 7-отырысы өтті. Отырыс барысында экономика, сауда, инвестиция мәселелері талқыланып, уағдаластықтарға қол жеткізді. Оған дәлел Алматы мен Астанада жаңадан жапон зауыттары мен мекемелері ашылып, бірлескен кәсіпорындар құрылды», - деді Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кавабата.

Елші мырза алдағы уақытта аталған жұмыстардың өз жалғасын табатынын айта келе, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада және паралимпиадалық ойындарға қатысты Қазақстанның қолдау көрсеткеніне алғысын білдірді.

«Келесі жылдың қаңтар айында дипломатиялық міндетімді аяқтап Жапонияға ораламын. 2 жыл 9 ай бойы атқарған қызметім кезінде Жапония мен Қазақстанның екіжақты қарым-қатынастардың маңызды оқиғаларына куә болдым. Соның бірі - «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі. Қазақстан халқына және дипломатиялық қоғамдастыққа маған көрсеткен қолдаулары мен достығы үшін шынайы алғысымды білдіремін», - деді ол.   

Өз кезегінде еліміздің сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 25 жыл ішінде ел дамуына үлес қосқан көптеген маңызды оқиғалардың орын алғанына тоқталып өтті.

«Осы қысқа уақыттың ішінде біздің өзара тиімді стратегиялық ынтымақтастығымыз өз шыңына жетіп, екіжақты саяси түсініктің жоғары деңгейінің арқасында елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. 2015 жылы Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің Қазақстанға жасаған ресми сапары, сондай-ақ 2016 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға жасаған сапары екі елдің арасындағы қарым-қатынастарды жаңа белестерге шығарды. Биылғы екіжақты сауда айналымының көлемі 1,3 млрд АҚШ долларынан асып түсті. Инвестициялық уағдаластықтардың нәтижесі ретінде үстіміздегі жылдың соңында Жапонияның біздің елімізге құйған тікелей инвестициясының көлемі 1,2 млрд АҚШ долларына жеткенін атап өтуге болады», - деді ол.

Сонымен қатар, қабылдау барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков пен «Астана медицина университеті» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Төлебай Рахыпбек Жапония императорының орденімен, сондай-ақ, Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсу Жапонияның сыртқы істер министрінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар