Астанада «жаңбыр балаларына» арналған тағы бір сынып ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аутист балаларды кей кезде «жаңбырдың балалары» деп атайды. Психолог мамандардың айтуынша, олардың арасында шығармашылық жағынан дарынды адамдар жиі кездеседі.

Себебі олар бір іске толығымен беріледі де, үлкен жетістіктерге жете алады. Бірақ аутист балаларға ата-аналардың тарапынан, жалпы қоғамның тарапынан үнемі қолдау қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанадағы №85 мектеп-лицейінде аутист балаларға арналған сыныптың ашылуы - сол қолдаудың бір көрінісі. Аталған жоба «Болашақ» корпоративтік қорының бастамасымен іске асып отыр. Сыныпта әрбір баланың өзінің орны бар. Сол жерде тьютор, яғни арнайы педагогтар олармен жұмыс істеп, сан алуан пәндерге үйретеді. Сөйтіп, аутист балалар біртіндеп басқа балалармен отырып, барлығына ортақ сыныптарға ауыса алады.



«Арнайы кабинетте бірнеше аймақ бар. Олар - жеке пәндер аймағы, топтық пәндер аймағы, тынығу аймағы және ұстаздың жұмыс аймағы. Енді, бәріміз жақсы білеміз, аутист балалар бір нәресеге зейін қойып, көп отыра алмайды. Сол себепті сабақтың бір бөлігін жеке пәндер аймағында өткізсек, енді бір бөлігін топтық пәндер аймағында өткіземіз. Сөйтіп, оның отырған аймағын үнемі ауыстырып отыру қажет. Әрбір баланың жеке оқыту бағдарламасы бар. Сосын ондай балаларға суреттері бар кестені үнемі көрсетіп отырған дұрыс. Мысалы, қазір біз сабақ оқимыз, сосын тағы бір сабақ, одан кейін үйге баруға болады. Осының бәрін арнайы суреттермен көрсетсе, балалар басқа нәрсеге алаңдамайды. Ал сабақтан кейін демалып, доппен ойнай аласың, секіруге болады деген суреттерді көрсетсек, қатты қуанып кетеді», - дейді тьютор Әлия Ержанова.


«Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шәйжүнісованың айтуынша, Астанада осымен бесінші кабинет ашылып отыр. Жалпы, жоба аясында Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облыстарында 20 кабинет ашу жоспарланған.

«Негізгі мақсатымыз - аутист баланы қоғамның толыққанды мүшесі етіп шығару. Мәселен, біздің жобамызда 12 жасқа дейін үйде отырған балалар бар. Қазір олар ауыр мысалдарды шешіп жүр. Басқа балалардың қателіктерін де көрсете алады. Бір қызымыз басында мүлдем бейімделе алмады. Бүгінде ол мыңдаған элементі бар пазлды жинап отырады. Негізі, әрбір баланың жеке бір қасиеті бар. Біз соны ашып, дамытуға көмектесуіміз керек. Басты мақсатымыз осы», - деді Д.Шайжүнісова журналистерге берген сұхбатында.



Қор басшысының сөзіне қарағанда, аталған ұйым жыл сайын қысқы қайырымдылық балын өткізіп отырады. Дәл осы іспетті шаралардан жиналған ақшаға арнайы кабинеттер жасақталады.

null null null null null null null

Соңғы жаңалықтар