Астанада жаңадан салынатын Онкологиялық орталық қанша адамға ем көрсетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың салынуына қатысты жұмыс тобының отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін Елбасының тапсырмасымен Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықты құру бойынша тұрақты жұмыс тобының отырысын өткіздік. Онда орталықтың құрылымын, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жарақтандырылуын, үздік кадрлық ресурстарды тарту және өзге де мәселелерді талқыладық. Ғылыми орталықтың құрылысы алдағы жылы басталады», - деп жазды ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Фейсбук парақшасында.

Министрдің айтуынша, жаңа орталықты құру жұмысы әлемдік алдыңғы қатарлы онкологиялық орталықтар, Ғылым орталық және Назарбаев Университеті секілді стратегиялық серіктестермен тығыз ынтымақтастықта  жүзеге асырылады. Сондай-ақ, отандық және шетелдік сарапшылар тартылатын болады.

«Орталық еліміз халқын бастапқы кезеңдегі дагностиканың өте тиімді әрі жоғары технологиялық әдістерімен және қатерлі ісіктер өскіндерін үздік халықаралық тәжірибелер негізінде емдеумен қамтамасыз етуге бағытталған. Орталықта жыл сайын жоғары технологиялық медициналық қызметті қолдана отырып, стационарлық көмек жағдайында 6 мың және амбулаторлық жағдайда 30 мыңнан аса науқас медициналық көмек алатын болады. Заманауи сәуле терапиясы қызметі 4 мың пациентке көрсетіледі. Сол сияқты, 10 мың науқас ядролық медицинаның көмегімен онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу мүмкіндігін алады», - деді министр.

Еске салсақ, Елбасы биылғы 5 қазанда ел халқына арнаған кезекті Жолдауында 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастауды тапсырды.

 

Соңғы жаңалықтар