Астанада жаңа туған нәрестелерге арналған сыйлық неліктен барлығына берілмейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жаңа туған шақалақтардың барлығына бірдей сыйлықтың берілмеуі туралы әлеуметтік желілердегі хабарламаларға түсінік берді. 

«Бүгін таныс келіншек Ана мен бала орталығында босанды. Айтуынша, онда адам өте көп. Сәбилерге арналған ешқандай сыйлық беріліп жатқан жоқ», - деп жазды Айдар Батыр есімді азамат Фейсбуктегі топтардың біріне.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жаңа туған шақалақтарға сыйлық беру акциясы елорда күніне орай біркүндік болғанын атап өтті.

«Аталмыш акция біркүндік болды. Ол Астана қаласының барлық перинаталдық орталықтарында 6 шілде күні сағат 00.00-ден 7 шілде күнгі сағат 00.00-ге дейін жалғасты. Акция Астананың 20 жылдық мерейтойына арналды», - делінген басқарманың хабарламасында.

Мәлім етілгендей, осы күні босанған әйелдердің барлығына сәбиге қажетті киім-кешектер мен заттардың жиынтығы тарту етілді.

Басқарманың атап өтуінше, 2018 жылдың 1 тамызынан бастап мұндай сыйлықтар жаңадан босанған жалғызбасты аналарға, көпбалалы аналарға және мүгедек әйелдерге берілетін болады.

Айта кетейік, бұған дейін Астана әкімдігі жаңа дәстүр қалыптастырғаны, ендігіде қалада туған әрбір сәбиге 17 заттан тұратын жиынтық сыйға берілетіні туралы ақпарат таратылған болатын. Жиынтық сөмкеге:  тоқыма кеудеше, тоқылған бас киім, қолғаптар, тоқылған жамылғы, 2 жаялық, 2 жейде, 2 телпек, 4 жұп шұлық, конверт, сәбидің алжапқышы, сөмке және т.б. енді.   

 

Соңғы жаңалықтар