Астанада жалған ақпарат таратуға қатысты 3 қылмыстық іс қозғалды – полиция

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы, елорда коменданты Ержан Сәденов астаналықтардан жалған ақпарат таратпау керектігін ескере отырып, тек ресми дерекке сенуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өкінішке қарай, жалған ақпарат тарату деректері тіркеліп жатыр. Қазіргі таңда аталған айыпқа сәйкес 3 қылмыстық іс қозғалды. Еске сала кетейін, жалған ақпарат таратып, ол расталған жағдайда Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Осыған орай, төтенше жағдай кезінде әкімшілік немесе қылмыстық құқықбұзушылық үшін жауапкершіліктің күшейтілгенін тағы да ескертемін», - деп жазды Ержан Сәденов Facebook парақшасында.

Сондай-ақ, полиция департаментінің басшысы елорда жұртын тек ресми дерекке сенуге шақырды.

«Азаматтарды тыныштықты сақтап, заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырамын. Және коменданттық сағат ережесін бұзбауды сұраймын», - дейді ол.

Бұған дейін қала коменданты төтенше жағдай режимін бұзған 200 астаналықтың жауапкершілікке тартылғанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар