Астанада Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықарлық турнир аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байрақты бәсекеге Қазақстан, Ресей, Грузия, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен 250-ден аса спортшы жиналды. 2001-2003 жылғы жастар арасында өткен турнирде балуандар 55, 60, 63, 67, 72, 77, 82, 97, 130 келі салмақ дәрежелерінде бақ сынады.

Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте 5 алтын, 3 күміс, 13 қола жүлдемен Қазақстан жастар құрамасы бірінші орынға жайғасты. Екінші орынды 3 алтын, 2 күміс, 5 қола медальмен Грузия құрамасы иеленсе, үздік үштікті 1 алтын, 3 күміс, 1 қола жүлдемен өзбекстандық палуандар қорытындылады.
Шет мемлекет өкілдері турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.
«Біз бұл турнирге үшінші жыл қатарынан қатысып келеміз. Былтыр карантин салдарынан жарысқа қатыса алмадық. Осы жолы өзіміздің мықты құраманы алып келдік. Себебі бұл турнир Еуропа чемпионатының алдындағы дайындық турнирі. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Барлығы ойдағыдай өтті. Ұйымдастырушыларға рахмет!» - деді Грузия жастар құрамасының бапкері Гогеля Томаз.


Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен халықаралық турнир карантин талаптарына сай жанкүйерсіз ұйымдастырылды. Бәсеке Qazsport арнасынан тікелей эфирде көрсетілді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Жарыс 7-9 мамыр аралығында өтті.


Соңғы жаңалықтар