Астанада заманауи бессайыстан Әлем кубогының финалы өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Заманауи бессайыстан Әлем кубогының финалына әлемнің үздік спортшылары қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заманауи бессайыстан Әлем кубогының финалының өткізілуіне орай ұйымдастырылған баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған спорттың елімізде қарқынды дамып келе жатқандығын атап өтті.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан барлық қатысушылар мен жарыстың қонақтарына Қазақстанға қош келдіңіздер дегім келеді.  Қазақстан алғаш рет қазіргі бессайыстан Әлем кубогі финалын қабылдап жатыр. Өз атымнан Халықаралық Одаққа үлкен алғысымды айтқым келеді. Соңғы уақытта бессайыс елімізде қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы спортшыларының қоржынында заманауи бессайыс бойынша Азия чемпионатының алтын медалі, жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс медалі, UIPM Әлем кубогы финалының қола жүлдесі мен Азия чемпионатының күміс медалі бар. Мен осы жарыста жаңа есімдер пайда болады деген сенімдемін. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін», -деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Өз кезегінде, Заманауи бессайыстан Халықаралық Одақ президенті Клаус Шорман, заманауи бессайыстан Әлем кубогы финалын өткізетін мемлекетті таңдауда қандай негіздерге сүйенгендерін айтып берді. 

Ұлттық құраманың бас бапкері Вадим Чудновский қазақстандық спортшылардың басты бәсекелестері мен Әлем кубогына жалпы дайындық туралы айтты.

Айта кетейік, қазіргі бессайыстан Әлем кубогының финалы маусымның 21-24 аралығында «Сарыарқа» велотрегі, «Барыс Арена» спорт кешені, «Қазанат» атшабары базаларында өтеді. Шара Астана қаласының 20 жылдығына арналып отыр. Финалға әлемнің ең үздік спортшыларының тізіміне енген 36 ер және 36 әйел спортшы келе жатыр. 

Қазақстан тарихында заманауи бессайыстан ел абыройын қорғаған мықты спортшылар баршылық. Атап айтқанда, 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарында Александр Парыгин Қазақстанның қоржынына алтын медаль салып берген болатын.

Соңғы жаңалықтар