Астанада ыс пен түтіннен қорғайтын құрылғылар қанша үйге орнатылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Астанадағы Сарыарқа ауданында жеке тұрғын үйлерге ыс пен түтіннен қорғайтын датчиктер және газ құрамын анықтайтын құрылғыларды орнату ісі жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта 100-ден астам үйді қамтуды жоспарлап отырмыз. Алдын ала есеп бойынша, осындай шағын құрылыс нысандары 400-ден асады. Олар тек Сарыарқа ауданында ғана емес, сонымен қатар Көктал-1 мен Көктал-2, Агроқалашық және жақын маңда орналасқан өзге де аумақтар жоспарға кіріп отыр», - деді аталған акцияның бастамашысы Арман Қашқынбеков ҚазАқпарат тілшісіне берген жауабында.

Белгілі болғандай, акция 8 ақпан күні басталды.

«Кеше кешқұрым датчикті тек бір үйге ғана орнатып үлгердік. Бұл жұмыстар кешке қарай басталғандықтан, бір үй ғана қамтылды. Бүгін таңертеңнен жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. 9 ақпанда шамамен 10 үйді қамтуды жоспарға енгіздік», - деді ол.

Бұл игілікті шараның бастамашылары күтпеген проблемаға тап болған.

«Біз елорда дүкендерінде болған барлық құрылғыны сатып алдық. Енді біз қажетті көлемдегі датчиктерді таба алмай отырмыз. Сатушылардың айтуынша, олар Алматыда да жоқ екен. Оны тек Новосібірден алдыру керек. Қазір енді құрылғыларды Астанаға жеткізу амалдарын ойластырып жатырмыз. Дегенмен, жоспар бойынша 100 үйді қамтуға тырысамыз. Мүмкін болса, одан көп үйге орнату ниетіміз бар», - дейді Арман Қашқынбеков.

Оның сөзіне қарағанда, датчик орнату шараларын алдағы аптада толық аяқтау көзделіп отыр. Бұл жобаның мақсаты - үйлерді өрттен қорғаудың оңтайлы тәсілдерін көрсету. Бүгінде түтін датчигі 1,8 мың теңге, газға талдау жасау құрылғысы 5 мың теңге тұрады.

«Біздің қанатқақты жобамызға басқа да бизнесмендер қолдау жасап жатқанын естіп жатырмыз. Бүгінде олар өз өңірлерінде осындай шараларды жүргізуге ниетті, себебі ол айтарлықтай қиын жұмыс емес. Атап айтсақ, қызмет етіп жүрген кеңселерімізде датчиктер орнатылған және біз оларға назар аударып жүрген жоқпыз», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Джентельмендер клубындағы Арман Қашқынбеков пен Санжардың демеушілік көмегімен көпбалалы отбасылардың, аудандағы жеке секторда тұратын әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйіне ыс пен түтіннен қорғайтын құрылғы орнатыла бастаған болатын.

Соңғы жаңалықтар