Астанада вокзал аумағындағы ақылы тұрақ пилоттық жобасы іске қосылды
Вокзал аумағында көлік қозғалысын ұйымдастыруды өзгертудің мақсаты - кез-келген көлік түрлерінен жолаушыларды отырғызуға және түсіруге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ, вокзал маңында көлік жүйесін және көлік ағынын тәртіпке келтіру.
Мамандардың алдын ала бағалауы бойынша, жоба жолаушыларды заңсыз тасымалдау қызметін 70-80% азайтуға, көлік құралдарының айналымын 30-40% ұлғайтуға, вокзал маңы аумағында жол желісіне түсетін салмақты 20-30% азайтуға, сондай-ақ, тұрақ орындарының жүктемесін 40-50% төмендетуге ықпал етеді.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аталған аумақта көлік құралдарының қозғалысы мен уақытын есепке алатын автоматтандырылған жүйе (бейнетіркеу жүйесімен), сондай-ақ, номер белгілерін автоматты түрде тану жүйесі орнатылып, іске қосылды. Қазіргі кезде көлікті тұрақта 2 күннен артық уақытқа қалдыруға болмайды.
Тестілік режимде қондырғының жұмысын тексеру және оның кемшіліктерін анықтау жүзеге асырылады. Осы кезеңде вокзал маңы аумағына кірген көліктерден төлем алынбайды. Вокзал маңындағы тұрақтың көлік сыйымдылығы - 251 бірлікті құрайды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі кезде осы учаскеде күн сайынғы жолаушылар айналымы 7500 адамды құрайды. Тәулігіне пойыздың 30 құрамы келеді. Сонымен қатар, қала маңына 18 маршрут қатынайды.