Астанада үздік сәулеттік жобалар анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада BI GROUP ARCHITECT AWARDS бірінші халықаралық сәулет байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқау қатысушылары Қазақстанның түрлі қалалары үшін мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру және спорт салалары бойынша дайын шешімдер ұсынуы тиіс болатын. Онда Ресей, Украина, Литва және Қазақстаннан келген 20 жас сәулетші өз жобаларын қорғады.

Байқау нәтижесінде Мәдениет номинациясы бойынша бірінші орынды алматылық Ришат Аңсар жеңіп алды. Ол көпфункциялы концерттік зал жобасын ұсынған.

«Мен ұсынған жоба Алматыда өте өзекті. Себебі, Алматы - жастардың қаласы. Жастардың дамуына мүмкіндік бергенде ғана еліміз дами түседі деп есептеймін. Мен 1200 және 500 орындық екі залы бар және ашық аспан астында амфитеатры бар заманауи концерт залы жобасын ұсындым. Оны безендіруде де жастардың өзін еркін сезінетін атмосферасын жасағым келді. Мұнда концерт қана емес, түрлі форумдар, әдебиет кештерін өткізуге болады. Ғимараттың мультимедиалық интерьері суретшілер мен фотосуретшілердің көрмелерін өткізуге мүмкіндік береді. Ғимарат қасбетін шыныдан жасап, Алматының тауларының әсем көрінісін тамашалауға болады», - деп түсіндірді Аңсар Ришат жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде.

Аталымдағы екінші орын - Қарттарға арналған әлеуметтік-мәдени орталық жобасы үшін Жанар Бектұрғановаға берілсе, үшінші орынды Ирина Гаврильченко (Неміс театры) мен украиналық Валерий Гыдей (Жел музейі) жеңіп алды.

Денсаулық сақтау аталымында жалғыз қатысушы финалға жетті.  Онда  көпфункциялы сауықтыру кешені жобасы үшін Денис Шурыгин марапатталды.

Білім беру санатында ресейлік Алина Кривошеинаның «Шектеусіз» атты жалпы білім беру мектебі жобасы үздік атанды. Бұл мектепте қалыпты және мүмкіндігі шектеулі балалардың қатар оқуына жағдай жасалмақ. Екінші орын - қазақстандық Сәбина Хамзинаның «Студент-хаб» жобасына, үшінші орын - Саягүл Қайырбекованың «Студенттер қалашығы» жобасына берілді.

Спорт номинациясы бойынша бірінші орын - бірегей спорттық орталық авторы украиналық Евгения Василовскаяға берілді. Екінші орынды - көпфункциялы спорт кешенінің авторы Еламан Амантаев, үшінші орынды - жабық веложолы бар спорттық орталық жобасы үшін Серік Тоқаев иеленді.

Бірінші орын жеңімпаздары 15 мың долларға ақшалай сертификат, BI Group құрылыс холдингінің жобаға тапсырысы және Еуропаның жетекші оқу орындарының бірінде профильді курстардан өтуге жолдама алды. ІІ орын үшін 10 мың доллар ақшалай сертификат және BI Group құрылыс холдингінің жобаға тапсырысы қарастырылған. Ал ІІІ орын иегері 5 мың долларға ақшалай сертификат алды.

«Бұл BI Group компаниясының алғашқы байқауы. Оған әлемнің 15 мемлекетінен 350-ден астам жұмыс келіп түсті. Мұнда мектеп, аурухана, балабақша, спорттық орталық сынды халыққа қажет әлеуметтік жобаларға ерекше басымдық берілді және ең үздік 20 жоба іріктеліп алынды. Жобалардың бірегейлігі мен жалпы жұмыс сапасына мән бердік. Идеялардың шынайылығы да ауқымды рөлге ие болды, яғни тұрғызу болатын ғимараттар идеясын таңдадық. Жеңімпаздардың ғана емес, 20 үздік қатысушының жобаларын жүзеге асыруға бар күшімізді саламыз», - деді BI Group компаниясының Бизнесті дамыту бойынша атқарушы директоры Аян Зікірин.

Соңғы жаңалықтар