Астанада үздік қазақтілді сайттар марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қазақтілді ресурстардың саны мен сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген үздік сайттар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

null

Интернет жүйесіндегі үздік қазақтілді ресурстарды анықтап, оларға қолдау білдіруді көздейтін «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қорының Үздік қазақтілді интернет-сайт сыйлығы» байқауы биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр.

Байқауға интернеттегі тәжірибесі кемінде бір жылды құрайтын, қазақ тілінде ақпарат тарататын үкіметтік емес, тәуелсіз қоғамдық сайттар қатыса алады және биыл республиканың түрлі аймақтарынан 33 өтінім келіп түскен.  

null

Қазылар алқасы сайттарды мазмұны, қызмет бағыты, интерактивтілігі, қазақ тілі мен ұлттық құндылықтардың дәріптелуі, патриоттық тақырыптардың үздіксіз көтерілуі, көркемдік жағы, идея ерекшелігі сынды талаптар бойынша саралаған.

Осылайша, байқаудың «Өткір тіл» - мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды насихаттаушы үздік сайт ретінде «www.zheruiyq.kz» сайты жеңімпаз деп танылды. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов жеңімпаз сайт редакторына диплом мен 385 мың теңгелік сертификатты табыс етті және жекелеген бағыттар бойынша әлі де қазақтілді сайттардың жетіспеушілігі байқалатынын баса айтты.  

null

«Биыл жүлдеміздің саны көбейді, қатысушылардың саны артты. Осы орайда, біз назар аударатын екі мәселе бар: биыл екі жүлдені - «Балаларға арналған үздік мемлекеттік емес қазақтілді сайт» және «Аймақтық үздік мемлекеттік емес қазақтілді сайт» аталымдарын назарсыз қалдырып отырмыз. Себебі Қазақстанда дәл осы номинацияларға сай келетін қазақтілді ресурс жоқ. Бұл мәселе баршамызды ойландыруы тиіс», - дейді Сұлтан Айтжанов.

null

Байқаудың «Рухани азық» аталымы бойынша «Qamshy.kz» сайты үздік деп аталды. Жүлдені ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл табыстады және қазақ жастарына арналған жүрекжарды өлеңін оқып берді.

«Терең ізденіс» номинациясының жүлдесін «247media.kz» сайты жеңіп алды. «247media.kz» - әдебиет, тарих, әлем жаңалықтары жөнінде материал жариялайтын қазақтілді ресурстардың бірі.

null

«Шынайы өмір» аталымы бойынша «kerekinfo.kz» порталы үздіктердің қатарынан табылды. Кезекті марапатты табыс еткен «ҚазАқпарат» ХАА Бас директорының кеңесшісі Махат Садық заманның көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқанын атап өтті және жеңімпаз сайт иелеріне роботтың өзі алмастыра алмайтын интеллектуал болуға кеңес берді.

«Спорт тынысы» аталымы бойынша екі ресурс қатарынан жеңімпаз атанды. Нәтижесінде ұлттық спортты насихаттайтын ulttyqsport.kz және қазақ тілінде спорт жаңалықтарын тарататын alzhan.kz сайттары марапатталды.

null

«Білім бұлағы» аталымы бойынша да kaz-tili.kz және qaztest.kz сайттары жеңіске жетті.
Бір айта кетерлігі, жеңімпаз атанған kaz-tili.kz сайтын бағдарламашы Татьяна Валяева 10 жыл бұрын ашқан және бүгінге дейін өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретіп келген.

null

«Жастар әлемі» аталымы бойыша zhasatyrau.kz және «Ойын-сауық» аталымы бойынша - baribar.kz сайттары марапатталды.

null null  null

Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақ тілін насихаттауға қатысты бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді.

Атап айтқанда, 2016 жылдың қыркүйек айында Soyle.kz әдістемесі бойынша қазақ тілін Skype арқылы оқыту жобасын басталса, биыл «Qazaqstan3D» веб-сайты мен мобильді қосымшасын және «Жеті қазына» энциклопедиялық қосымшасы таныстырылды.

Соңғы жаңалықтар