Астанада үш газ тарату станциясы салынып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада үш газ тарату станциясы салынып жатыр. Қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы құрылыс мерзімі туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқарманың хабарлауынша, биыл салынып жатқан нысандарды есепке алмағанда жылу тапшылығы 300 гигакалориядан асты. Қазіргі уақытта елордада «Тұран», «Тельман» және «Оңтүстік-Шығыс» газ тарату станциялары салынып жатыр.

«Әрбір газ тарату станциясының өз қамту аймағы бар. «Тұран» станциясының жобалық қуаты сағатына 600 гигакалория, ол «Сығанақ» көшесінің оңтүстігі мен «Тұран» даңғылының батыс аудандарын қамтиды. «Тельман» жылу станциясының қуаты да 600 гигакалория болады, ол «Тельман» тұрғын алабының оңтүстігіне қарай салынатын перспективалы аудандар мен «Тәуелсіздік» көшесіне газ таратпақ. Қуаты 350 гигакалория болатын «Оңтүстік-Шығыс» жылу станциясына «Мыңжылдық» аллеясы, «Нұрлы жол» вокзалы, «Қазақстан» жаңа тұрғын алабы құрылысының перспективалы аудандары қарасты болады. Үш газ жылу станциясының жалпы қуаты – 1550 гигакалория», - деді Марсель Ұзақбаев Астана қаласы мәслихатының сессиясында.

Оның айтуынша, 2023 жылы «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ станцияларының 370 гигакалориясын пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған жобалық қуаттарды уақытылы қаржыландыру шартымен 2024-2025 жылдары енгізу жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар