Астанада «Үркер» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада баспа, радио және интернет журналистикасы саласы бойынша ел тарихындағы тұңғыш «Үркер» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Салтанатты жиын аясында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев құттықтау сөз сөйлеп, ақпарат саласының үздіктерін марапаттады.

"Күні кеше ақпарат туралы заңнаманы талқылағанда маған журналистердің мәртебесіне қатысты көп сұрақтар қойылды. Ақпарат саласында жүрген мамандардың мәртебесін көтерудің маңыздылығы жайында айтылды. Бүгінгі "Үркер" сыйлығы да журналистердің мәртебесін көтеруге өз үлесін қоса алады деп сенемін. Осы премия өміршең әрі ашық болсын! Болашағы зор болсын!", - деді Абаев өзінің құттықтау сөзінде.


Ең алдымен «Үздік фотосурет» аталымының жеңімпазын жариялау үшін сахнаға «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Евгений Кочетов пен кәсіпкер, филантроп Оралбек Ботбай шақырылды. Қазылар алқасының шешімімен, баспа, радио және интернет журналистикасы саласы бойынша ел тарихындағы тұңғыш сыйлықтың алғашқы марапаты «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Ерлан Омаровқа берілді.

Үздік аналитикалық материал» аталымы бойынша Үркер сыйлығын «Боль чужую принять как свою» атты сараптамасы үшін «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Валентина Фиронова жеңіп алды. Жүлдені танымал публицист Намазалы Омашев  табыстады.

«Үздік репортаж» аталымы бойынша «Үркер-2017» сыйлығымен National Digital History порталының тілшісі Олжас Беркінбаев марапатталды. Ол «Баркөлдегі қазақ музейі немесе құмай құстың күртесі» атты репортаж жариялаған еді. Сыйлықты «Бас редакторлар клубы» ҚҚ төрағасы Ерлан Бекхожин табыс етті.

 «Үздік радио бағдарлама» аталымының жеңімпазын қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты Артур Платонов жариялады. Аталған номинация бойынша Шалқар радиосының «Ән домбыра» бағдарламасы үздік деп танылды.

«Үздік өңірлік радио станса» аталымы бойынша «Астана» ақпараттық-музыкалық радиосын ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев марапаттады.

«Үздік салалық баспасөз басылымы» аталымында «Дружные ребята» газеті жеңімпаз атанды. Жүлдені ҚР Парламенті Сенатының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай табыстады.

«Үздік жыл журналы» жүлдесін «National Geografic Қазақстан» журналына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанұлы табыс етті.

«Журналистикадағы дебют» аталымы бойынша 1 миллион теңгені 7kun.kz сайтының тілшісі Мөлдір Иманмади жеңіп алды.  Айтулы сыйлықты ол ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты Майра Айсинаның қолынан алды.

«Үздік журналистік зерттеу» аталымы бойынша жүлде «Егемен Қазақстан» газеті Басқарма төрағасының кеңесшісі Жанболат Аупбаевқа берілді. Оны ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты Сауытбек Абдрахманов марапаттады.

 «Үздік сұхбат» аталымы бойынша 1 миллион теңге «Капитал» тілшісі Виктория  Говорковаға берілді. Сыйлықты Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ табыс етті. 

«Үздік аймақтық баспасөз басылымы» аталымы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында шығарылатын «Рейтинг» газеті жеңімпаз атанды. Жүлдені кәсіпкер Арманжан Байтасов табыстады.

«Қазақстан туралы үздік танымдық материал» аталымының да  жүлдесі  «Егемен Қазақстан» газетінің қанжығасына байланды. Хабар телеарнасының басқарма төрағасы Алмагүл Ахметжанова «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Думан Анашты марапаттады.



«Үздік халықаралық аналитикалық материал» аталымы бойынша Үркер сыйлығын «Афганистан близко» мақаласы үшін vlast.kz порталының тілшісі  Зарина Ахматова жеңіп алды. Жеңімпаз мүсіншесін  Қазақстан РТРК АҚ төрағасы Ерлан Қарин табыстады.

«Қазнеттегі медиасерпіліс» аталымы  бойынша «Massaget.kz» порталы  үздік деп танылды. Сондай-ақ, Informburo.kz порталына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының арнайы сыйлығы берілді.

Соңғы «Үздік республикалық баспасөз басылымы» аталымының жүлдесін «Айқын» газеті иеленді. Сыйлықты ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіпке табыс етті.

Еске сала кетсек, мамыр айының басында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев журналистерді Баспа, радио және интернет журналистика  саласындағы тұңғыш «Үркер» ұлттық сыйлығына қатысуға шақырған еді. Байқауға қатысу туралы өтініштер 7 мамыр мен 10 маусым аралығында [email protected] электрондық поштасы арқылы қабылданды.

Байқауға келіп түскен 700-ден астам материалды беделді журналист Намазалы Омашев, мемлекеттік және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Александр Тараков, Өңірлік БАҚ альянсының жетекшісі Әлібек Әлденей, саясаттанушы Расул Жұмалы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, «Атамекен» ҚР ҰКП Агробіліктілік орталығы «farmers.kz»  порталының жетекшісі Мейрамхан Жәпек, әдеби сыншы Амангелді Мырзабеков және «Айтуға оңай» хабарының жүргізушісі Бейсен Құранбек сынды белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен кәсіби журналистерден құралған қазылар алқасы сарапқа салды.

Байқау жеңімпаздарына естелік мүсінше мен 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.

Соңғы жаңалықтар