Астанада ұлттық киім кигендер музейге тегін кіреді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейі Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралар тізбегін ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

19 наурыз күні сағат 11.00-де «Наурыз - жаңару нышаны» мерекелік шоу-бағдарламасы басталады.

«Наурыз - табиғат-ана мен адамзат бірлігінің, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықтың мейрамы. Шара барысында ата-ана қамқорлығынан айрылған сәбилер үшін «Тұсаукесер» рәсімі өтеді. Еліміздің танымал тұлғалары №2 мамандандырылған балалар үйінен арнайы келген сәбилердің тұсауын кеседі. Ұлттық музейдің «Тұсаукесер» қайрымдылық жобасы биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Содан соң, концерттік бағдарлама жалғасын тауып, театрландырылған қойылым, айтыс өнері, ән, би, арқан тартыс, киіз басу және қолөнер бойынша шеберлік сабақтары өтеді», - деп хабарлады ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі.

Бұл күні сағат 10.30-да «Аңыз әлемінде» тақырыбында балаларға арналған наурыз ертеңгілігі өтеді. Балаларға арналған «Қазақтың ұлттық ойындары: асық ату» экскурсия-сабағы жүргізіледі.

Сонымен бірге, 21 наурыз күні ұлттық киім кигендер музейге тегін кіреді.

«21 наурыз күні музейге ұлттық киім киген келушілер тегін кіреді. Бір ғана шарты: әлеуметтік желідегі (фейсбук - ҚР Ұлттық музейі, инстаграм - Nationalmuseumkz, телеграмм- ҚР Ұлттық музейі) Ұлттық музей парақшаларына тіркеліп, #Ұлттықмузей хештэгін белгілеулері қажет», - делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, Наурыз мейрамына орай Астана қаласында өтетін мәдени және спорттық шаралардың толық тізімін арнайы материалдан оқуға болады.

Соңғы жаңалықтар