Астанада түркітілдес халықтардың өкілдері терминқорды қалыптастыру мәселесін зерделеп жатыр

None
None
АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Астанада «Түркітілдес елдердің терминқор қалыптастыру тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-пратикалық конференция өз жұмысын бастады.

Екі күнге жалғасатын жиынды өткізуге ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитеті мен Түркия Республикасы Тіл комитеті және Түркия Ақпараттық технологиялар қоғамы мұрындық болып отыр.

Конференцияның мақсаты әлем халықтарының туыстас тілдер арасындағы ынтымақтастық тәжірибесін негізге ала отырып, түркітілдес халықтардың ғылым саласындағы байланысын нығайту, өзара термин алмасу үдерісін дұрыс жолға қою және салалық, әсіресе ақпараттық ғылым саласындағы ортақ терминдер қорын қалыптастыру мәселелерінің ғылыми негіздеу тетіктерін анықтау болып табылады. Түркітілдес елдердің тіл ғалымдары бас қосқан жиынның бірінші күні терминологияның жалпы мәселелері, оның ішінде негізінен терминжасам және өзара термин алмасым, көптілді терминологиялық сөздіктер жасау мәселесі кеңінен талқыланады деп күтіледі. Ал ертең 18 қараша үні жалғасатын жиын барысында негізінен ақпараттық технология саласындағы терминология мәселесі қозғалады.

«Түркі әлемі адамзат өркениетінің алтын бесігі десек қателеспес едік. Еуразия құрлығын ен жайлаған түркі әлемі өзінің бай мәдениетімен, терең тарихымен мақтана алады. Түбі бір түркі халықтарын этногенез, тіл, тарих, әдебиет, рухани және материалдық мәдениет, әдет-ғұрыптар, салт-сана ортақтығы біріктіреді. Бір қуанарлығы ұлы даладағы материалдық, мәдени-рухани, антропологиялық сабақтастық өз жалғасын тауып келеді. Бұл ешбір кезеңде ұмытылған да, үзілген де жоқ», - деді жиынның ашылу барысында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет вице-министрі Ғазиз Телебаев.

Конференцияның пленарлық мәжілісі барысында түркі тілдерінің термин жүйелерін тіларалық біріздендірудің бүгіні мен болашағы, осы жүйені дамыту мәселелері туралы ғалымдар баяндама жасайтын болады.

Естеріңізге сала кетейік, жалпы түркітілдес елдердің терминқорын қалыптастыруға алғаш рет 1999 жылы талпыныс жасалып, Түркия ақпараттық технология қоғамының қолдауымен арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. 2001 жылғы қазан айында Ыстамбұлда Түркітілдес елдер арасында ақпараттық технологиялар ынтымақтастығы мәселелері бойынша алғашқы форум ұйымдастырылды. Кейіннен алқалы жиын Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстан мемлекеттерінде түрлі тақырыптармен жалғасын тапты. Астана қаласындағы осы басқосу кезекті 9-шы форум болып саналады.





Соңғы жаңалықтар