Астанада түркітілдес елдердің радио одағын құру ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтіп жатқан «Азия медиа диалогы» форумына «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбекұлы Түркітілдес елдердің радио одағын құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нақты радиоұйым аясына біріксек бәрімізге де тиімді болар еді. Алғашқы қадам ретінде Түркітілдес елдердің радио одағын құруды ұсынамын. Бұл барлығымызға осы мемлекеттердегі соңғы жаңалықтардан, өзгерістерден және басқа да медиа трендтерден дер кезінде хабардар болуға мүмкіндік береді», - деді Мәди Манатбекұлы Қазмедиа орталығында өткен кезекті жиында.

Оның айтуынша, радионарықтағы жаңалықтардан қалмау үшін менеджерлердің әр жаңалықты бақылап, сараптап отыруы, тыңдарманның қалауын дөп басуы және оларға қажет жаңа жобаларды ұсына білуі өзекті болып отыр.

«Тәжірибе алмасу арқылы мамандарымыздың кәсіби біліктілігін арттыра аламыз. Ол үшін мамандардың кәсіби біліктілігін үнемі тренинг, семинар арқылы арттырып отыру керек. Менің ойымша, аталған мәселені осы форум аясында әріптестік меморандумдарына қол қою арқылы шешуге болады», - деді радиолар басшысы.

Қазақ радиоларының халықаралық байланыстағы жетістіктері аз емес. Бүгінде «Қазақ радиолары» түркиялық «ТRT» телерадио корпорациясына қарасты «Түркия радиолары» басқармасымен әріптестік келісім жасаған. Енді жыл сайын серіктестік қызметкерлері Түркияда ақысыз тәжірибеден өте алады.

«Ортақ келісім нәтижесінде «Қазақ радиосы» әзірлеген, халқымыздың салт-дәстүрі мен ән-күйін насихаттайтын «Түркістаннан тарту» бағдарламасы «Түркия үні» радиосының эфирінен шыға бастады. Түркиялық мамандар қазақ тілінде дайындап беретін «Анадолы тынысы» хабары «Қазақ радиосының эфирінен беріліп жүр. Бағдарлама мақсаты - Түркиядағы қазақтардың өмір салтымен, екі мемлекет арасындағы мәдени іс-шаралармен таныстыру. Одан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжанмен бірлескен жобалар дайындау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мұның барлығы - екіжақты шаралар, ал нақты радиоұйым аясына бірігу келер күннің еншісінде», - деді Мәди Манатбекұлы.

Айта кетейік, «Қазақ радиолары» ЖШС мен Вьетнамдық VOV3 музыкалық арнасының уағдаластығы бойынша, қазақтың күйлері мен халық әндері Вьетнам радиосында әуелейді. Ал Қазақ радиосы тыңдармандарға беймәлім болып келген вьет халқының әуендерін таныстырады.

Соңғы жаңалықтар