Астанада «Түркі барометрі» жобасы таныстырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) түркі елдерінің тұрғындары арасында алғаш рет жүргізілген «Түркі барометрі» зерттеу жобасын таныстырды. «Түркі барометрін» TWESCO-ның тапсырысымен «Қоғамдық пікір» ғылыми-зерттеу институты жүргізген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

«Түркі барометрі» өзінің сипаты жағынан Еуропа одағының «Еуропа барометрі» зерттеу бағдарламасы мен әлемнің өзге де аймақтарында жүргізілетін («Афробарометр», «Латынбарометр» т.б.) зерттеулеріне ұқсас. Мұндағы мақсат - түркі мемлекеттері тұрғындарының Түркі кеңесі тарапынан жүргізілетін интеграциялық процестерге қатысты көзқарастарын, экономикалық, мәдени аспектілерге байланысты ой-пікірлерін бағамдау.

Алғашқы әлеуметтік зерттеу Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркменстан астаналарының тұрғындары арасында жүргізілген. Онда әр мемлекеттен 500 респондент іріктеліп алынып, оларға «Түркі елдерінің мәдениетімен қаншалықты таныссыз?», «Түркі әлеміндегі беделді тұлға кім деп ойлайсыз?», «Түркі әлемінің ғылым, мәдениет, спорт салаларындағы танымал өкілдерін атаңыз» секілді 50-ден астам сұрақ қойылған.

«Сауалнамаға Түркіменстанның қатысқанына ерекше ризашылық білдіреміз. Өзбекстандықтар да зерттеу жобасына белсене қатысты. Бұл Түркі академиясының бір қадам алға жылжығанын көрсетеді. Болашақта сауалнаманың аясын кеңейте түсеміз. Алғашқы зерттеуге ел астаналарынан 500 адам қатысса, келер жылы өңірлерден 1000 респондентті қамтуды жоспарлап отырмыз. Сауалнамада елуден астам сұрақ қойылды. Алдағы уақытта барлық сұрақтар жүйеленіп, нақты анализ жасалып, назарларыңызға ұсынылады. Бұл Түркі кеңесінің жұмысына, түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығына өз септігін тигізеді», - деді Түрік академиясы халықаралық ұйымының басшысы Дархан Қыдырәлі Астанада өткен «Түркі әлемінде рухани жаңғыру: Тарих. Таным. Тұлға» тақырыбындағы  конференцияда.

Сонымен бірге, Дархан Қыдырәлі «Түркі барометрі» зерттеуінің бұдан былай тәуелсіз түркі мемлекеттерінде алты ай сайын жүргізіліп тұратынын мәлімдеді. Оған жасы 18-ге толған азаматтар қатыса алады.

Соңғы жаңалықтар