Астанада тұрғын үй құрылысының қарқыны азая ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада тұрғын үй құрылысының қарқыны азая ма? Бұл сауалды Үкімет үйінің кулуарында БАҚ өкілдері Алтай Көлгіновке қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалалық мәслихат халықты сумен қамту мәселесін шешу мақсатында жаңа тұрғын үйлер құрылысына тыйым салмақ. Мәселе мәслихат отырысында талқыланды. Осыған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?» деген сауал қойды тілшілер.

«Бұл жерде әңгіме тыйым салу емес, тұрғын үй құрылысы қарқынын азайту туралы шығар. Бірақ, қарқынды бірден төмендетіп жіберуге болмайды, бұл жағын біз әкімдікпен талқылағанбыз. 2020 жылы әкімдік алдында 3 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеті тұрды, ол артығымен орындалды. 2021 жылы 3 млн 200 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды. Көрсеткішті 3,5 млн шаршы метрге арттыру туралы әңгіме қозғалғанда біз қарсы болдық. Бұл жерде түзетулер керек», - деп жауап берді Премьер-Министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, тұрғын үйлер алдымен қажетті инфрақұрылыммен (су, жылу, жол және т.б.) қамтылуы керек.

«Сондықтан да, жаңа жылу орталықтарының құрылысы басталды. Сонымен қатар, табиғи газбен қамту қатар жүріп жатыр. Одан бөлек, электр энергиясы стансасын салу қажет және кәріз құбырларын тарту керек. Осы мәселелер шешілгеннен кейін барып, тұрғын үйлер құрылысының қарқынын ұлғайту туралы сөз қозғауға болады. Дегенмен, баспанаға сұраныс жоғары, әсіресе қолжетімді және әлеуметтік», - деп толықтырды Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар