Астанада Тұңғыш Президент күніне орай мерекелік концерт өтіп жатыр

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі айтулы мерекенің құрметіне «Жаңа дәуір -жарқын болашақ» атты концерт өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мерекелік шарада Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қазақстандықтар мен елордалықтарды ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. Шаһар басшысы Елбасы күні - ең алдымен халқымызды елдік пен бірлікке, ынтымақ пен ырыс-берекеге жұмылдыратын халықтық мереке екенін айтып өтті.

«Бүгінде Елбасымыздың стратегиялық көшбасшылығымен Қазақстан қарқынды әлеуметтік-экономикалық даму жолына түсіп, халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды. Мұның барлығы Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен саяси көрегендігінің арқасында мүмкін болып отыр. Мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті - жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалап, оның әлеуетін асырып, баянды болашаққа бастап келе жатқан тарихи тұлға. Осынау салтанатты шараның Тұңғыш Президент күні аясында өткізілуі кездейсоқ емес. Өйткені, Астана - Елбасымыздың төл жобасы. Астана - еліміздің жүрегі, тәуелсіздіктің тірегі», -деді Б.Сұлтанов.

Сонымен қатар, қала басшысы Елорда Мемлекет басшысының барлық маңызды бастамалары: Бес институционалдық реформа, «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған барлық ұстанымдарды жүзеге асыруда айрықша белсенді болуы қажеттігін, аталған бағдарламалардың барлығы бұған дейін қабылданған стратегиялық құжаттардың жалғасы екенін баса айтты.

Концертке елімізге танымал өнер жұлдыздары Қайрат Нұртас, Алтынай Жорабаева, Қарақат Әбілдина, Бүркіт пен Аиша, Төреғали Төреәлі, Мәдина Сәдуақасова және тағы басқа әртістер өнер көрсетіп жатыр.

«Ең алдымен еліміз бен Елбасымыздың амандығын тілеймін. Себебі, осындай тыныш заман, бейбіт елде өмір сүруіміз мемлекет басшысының ел басқара білу қасиеттерінің арқасында. Сонымен қатар, президент Нұрсұлтан Әбішұлының өнерге деген ерекше құрметі үшін алғыс айтқым келеді. Әсіресе ұлттық өнерге айрықша қарап,  музыканы жаны сүйіп тыңдайтынын бәріміз білеміз», - деді әнші Қарақат Әбілдина.
null null 

 

Соңғы жаңалықтар