Астанада тұмауға қарсы вакцина жетіспейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның екі өңірінде тұмауға қарсы вакцина жетіспейді. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин  айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз тәуекел тобын вакцинамен қамтамасыз етудегі жұмыстардың жеткіліксіздігіне алаңдап отырмыз. Бұл бірінші кезекте Қостанай облысы мен Астана қаласына қатысты», - деді Жандарбек Бекшин тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттануды азайту бойынша іс-шаралар қаралған селекторлық кеңесте.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта тұмаудың жаңа штамдарының таралуын ескере отырып, ана мен 5 жасқа толмаған сәбилердің өлім-жітіміне жол бермеу керек. Жалпы тәуекел тобына медициналық бақылауға жататын балалар, жиі ауыратын балалар, созылмалы және жүрек-қан тамыр, тыныс алу ағзаларының сырқаттарына шалдыққандар, медицина қызметкерлері мен жүкті әйелдер кіреді. Олардың барлығы аурудың ауыр түріне бейім.

«Айта кетерлігі, Астанада вирусқа қарсы вакцина мәселесі тұрақталып келеді. Қазіргі уақытта 30 мың вакцина жеткізілсе, тағы 50 мыңы жеткізілетін болады. Дегенмен, қажеттілік туындаған жағдайда олар жұмыс берушілер тарапынан да, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан да сатып алынады деп ойлаймыз. Ал Қостанай облысына 100 мың вакцина керек болса, қазіргі уақытта соның 57 мың дозасы сатып алынған. Қалғанын сатып алуды өтінеміз», - деді Жандарбек Бекшин.

Айта кетейік, тәуекел тобына кіретін адамдарды тұмауға қарсы егу үшін бюджет қаражатына «Гриппол +»  ресейлік вакцинасының 1 605 891 дозасы сатып алынып, өңірлерге жіберілген. Уақытылы көмек көрсету мақсатында медициналық мекемелерде 1226 телефон жұмыс істейді, үйге шақыртуларға қызмет көрсету үшін 1025 көлік бөлінген. Тұмауға қарсы екпе жүргізу мақсатында республика бойынша 2428 пункт ұйымдастырылған.

Сондай-ақ Ж.Бекшин қазіргі уақытта тұмаудың жаңа түрлері алаңдатып отырғанын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар