Астанада төтенше жағдай режимін бұзған 64 адам жауапқа тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы сағатта ел астанасында жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз етуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Нұр-Сұлтандағы жағдай бақылауда. Тәулік бойы 6 блокбекетте күдікті адамдарды және тыйым салынған заттарды анықтау үшін көлік құралдарының қозғалысы тексеріліп жатыр.

Төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап белгіленген талаптарды орындамаудың 64 дерегі тіркелді. Кінәлілерге қатысты сот шешім қабылдайды.

Елорда аумағында криминогендік жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдай кезінде қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде.

Осыған байланысты аулаларды және пәтерлерді аралау жүргізілуде, елордаға заңсыз келген немесе тұрып жатқан шетел азаматтарын тексеру жүріп жатыр.

Өтен тәулікте қалада 13 қылмыс тіркелді. 62 жол-көлік оқиғасы болды, жарақат алғандар жоқ. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1 жүргізуші ұсталды.

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында 311 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 111-і қалада тұру ережелерін бұзу, 37-сі қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішу және 47-сі көші-қон заңнамасын бұзу.

Полиция қызметкерлері Сембинов көшесінде орналасқан «Гастробар» әкімшілігінің коменданттық сағатты бұзу фактісін анықтады. Ойын-сауық мекемесінің иесіне қатысты төтенше жағдай және карантин режимін бұзғаны үшін бірден 2 әкімшілік іс қозғалып, жұмыс лицензиясын кері қайтару мәселесі қаралады.

«Қалада тыныштық пен тәртіпті сақтап, белгіленген коменданттық сағат режимін бұзбаңыздар. Кез-келген құқыққа қарсы әрекеттер үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған», - деді елорда коменданты Ержан Саденов.

Учаскелік полиция инспекторлары жалға берілетін 239 пәтер, 597 барақ типті тұрғын үй және 76 хостелді тексерді. Елордада болу заңдылығын тексеру үшін полицияға 161 шетелдік азамат жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар