Астанада торттан уланған алтыншы адам ауруханаға түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау депаратментінің басшысы Сәдуақас Байғабыл «Happy Cake» тортынан уланған тағы бір оқиғаға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2019 жылдың 16 сәуіріне Күйші Дина, 13 мекенжайындағы «Happy Cake» тортынан кейін жедел бактериалды ішек инфекциясының алтыншы жағдайы тіркелді. 1994 жылы туған науқас қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Алдын ала болжамға сәйкес, уланғандар «Птичье молоко» және «Шоколад-банан» торттарын үйге тапсырыспен алдырған. Үстелде «Шоколад-банан» тортын - 4 адам, «Птичье молоко» тәттісін 5 адам жеген. Кеше, 15 сәуір күні елорданың жұқпалы аурулар ауруханасына 4 ересек пен 10 жастағы бір бала жеткізілгені хабарланған болатын.

«Кешке қарай жас жігіт сырқаттанған және өзінің айтуынша, ол «Птичье молоко» тортын ғана жеген. Ауруханаға әлсіздік, дене қызуының көтерілуі және іштің өтуі шағымдарымен түскен. Уланған 5 адамның арасындағы әйел мен оның үш баласы ауруханаға жатудан бас тартты. Әзірге, 16 сәуірдегі жағдайға сәйкес, торттан 6 адам уланған», - деп хабарлады департамент.

Қазіргі уақытта Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті аталған нысанда тамақтан улануға қатысты тексеру жүргізіп, эпидемияға қарсы шараларды жалғастыруда. Тексеру қорытындысы мен қабылданған әкімшілік шаралар қосымша хабарланады.

«Бұған дейін департамент «Happy Cake» дүкенінің кремді-кондитерлік өнімдерді пісіруге рұқсат қағаздарының жоқ екендігін және тексеру жүргізуге мүмкіншіліктің жоқтығын халыққа хабарлаған болатын. Себебі елімізде кәсіпкерлік субъектісі ашылған күнінен бастап 3 жылға дейін тексеруден босатылған. Бұған қоса, 2017 жылы Ақмешіт көшесі, 5-үйде орналасқан «Happy Cake» нысанына рұқсат беру құжаттарын беруден бас тартылған болатын. Себебі ол санитарлық талаптарға сай келмейді», - деп атап өтеді департаменттен.

Сонымен қатар Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті елорда тұрғындарына кремді-кондитерлік тағамдарды аларда сатушыдан санитарлық-эпимиологиялық қорытындысының бар-жоғын сұрауға кеңес береді.

Соңғы жаңалықтар