Астанада төртінші Православие шіркеуі салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кириллмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Патриарх Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған салиқалы саясатын ерекше атап өтті. Қазақстан Республикасындағы мемлекет пен діндер арасындағы, оның ішінде православ дінімен де арадағы өзара сұхбат сындарлы түрде дамып келе жатқандығын ерекше атап өтті.

Д. Кәлетаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астанада төртінші Православие шіркеуін салу туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Қазіргі уақытта жаңа ғибадатхананың құрылысын жүргізу үшін жер телімі анықталды. Құрылыс жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Дархан Кәлетаев қазіргі уақытта талқылаудан өтіп жатқан діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң жобасына православ шіркеуі өкілдерінің де қатысқанын айтты. «Заң жобасына енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар дінді деструктивті мақсатта пайдалану жағдайларын барынша азайтуға және діни радикализмның алдын алуға  бағытталған», - деп атап өтті министр.

Патриарх мемлекеттің дін саласындағы негативті процестерді бақылау қажеттігімен келісетінін атады.

Орыс православ шіркеуінің басшысы жат діни идеологияның алдын алу, патриоттық тәрбие беру және рухани тұлғаны қалыптастыру мақсатында жалпы білім беретін мектептерде дін тақырыбындағы пәндерді оқыту тәжірибесімен бөлісті.

Дархан Кәлетаев Патриарх Кириллге дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, Орыс православие шіркеуінің өкілдеріне Астанада өткен дінаралық форумдардың, сондай-ақ аталған форумдардың хатшылығы мен жұмыс тобының қызметіне қатысқаны және қолдау білдіргені үшін ризашылығын жеткізді.

Кездесу соңында Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл Ресейде Қазақстанның тұрақты дамуына және оның халықаралық аренадағы беделінің нығаюына қуанатынын айта келе, Қазақстан билігінің конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған саясатына толық қолдау білдірді.

null 

Соңғы жаңалықтар