Астанада төрешіні сабаған боксшы мен бапкер спорттан шеттетілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан бокс федерациясының Кубогының ширек финалында төрешіні сабаған боксшы мен бапкер спорттан шеттетілетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты мәлім етті.

Оқиға 22 қыркүйекте Астанада Қазақстан бокс федерациясының Кубогының ширек финалында астаналық боксшы Рахат Маржықпаев пен Аман Қазанғаповтың кездесуінде болды. Жекпе-жек аяқталғанда төреші Қазанғаповтың қолын көтереді. Бұл шешімге көңілі толмаған  елордалық спортшының бапкері рингтен түскен рефериге соққы жасайды. Сондай-ақ, жеңіліп қалған боксшы да бапкеріне көмектесіп, төрешіге жұдырығын ала жүгіреді.

Қазақстан бокс федерациясының мәліметіне сүйенсек, осы жекпе-жекте төрелік еткен Амангелді Ақшолақовтың 28 жылдық тәжірибесі бар маман екені және AIBA жоғары категориясының иегері екендігі айтылған. Оның үстіне ол Еуропа чемпионатының жүлдегері және Кеңес Одағының 1984 жылғы чемпионы.

Ақшолақов мұндай оқиға боларын күтпегенін, бірінші рет болып отырғанын айтқан. Оқиғадан  кейін бапкер келіп, кешірім сұрағанын, бірақ мұндай жағдайлар жазасыз қалмауы тиіс екенін айтып отыр.

Енді осы іске байланысты бапкер де, спортшы да спорттан шеттетілмек. Қанша мерзімге шеттетілетінін бапкерлер кеңесі мен атқарушы комитет бюросы шешетін болады.

Соңғы жаңалықтар