Астанада төрелік тыңдау бойынша студенттік байқау жеңімпаздары марапатталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада төрелік тыңдау бойынша IAC Central Asia Vis Pre-Moot 2023 студенттік байқауының финалистері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10-15 наурыз күндері Астана халықаралық төрелік орталығында IAC Central Asia Vis Pre-Moot 2023 төрелік тыңдаулар бойынша студенттік конкурс өтті.

Биылғы жарысқа 16 елден 100-ден астам студент қатысты. Оның ішінде ТМД елдерінен 8 команда, Қазақстаннан – 2 команда, Еуропадан – 6 команда және Азиядан – 6 команда бар.

Халықаралық заң фирмалары мен төрелік бірлестіктердің 50-ден астам төрешілері мен заңгерлері қатысушылардың дағдыларын бағалады.




Осы байқау арқылы студенттер халықаралық коммерциялық құқық пен төрелікті зерделеуге мүмкіндік алды, іс жүзінде халықаралық іскерлік дауларды шешуге тырысты.

«АҚШ-тағы серіктестеріміздің қолдауымен Астанада заң факультеттерінің студенттері арасында, Азиядан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттер арасында байқау өтті. Астананың барлық елді біріктіретін және осындай тамаша шараларды өткізетін хаб болғаны қуантады. Кей студенттер бұл байқауға бірнеше жыл қатар қатысып келеді. Олардың дағдылары өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым жақсарды, кәсіби қасиеттерін шыңдады. Мұны біздің төрешіміз де атап өтті. Жоғарыда айтқанымдай, бұл шаралардың барлығы біздің америкалық серіктестеріміздің қолдауымен жүзеге асырылды. Бүгінгі студенттер – біздің болашақ әріптестеріміз, заңгерлеріміз және балалардың осындай кәсіби дағдыларға ие екені ерекше назар аудартады», - деді АХҚО Соты және ХТО тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт.




Биылғы байқаудың финалы офлайн режимде өтті, онда Өзбекстан (Ташкент мемлекеттік заң университеті) мен Пәкістан (Ұлттық ғылым және технологиялар университеті) командасы бірінші орынға таласты.

Соңғы раундтың төрешілері ХТО төрағасы Томас Крюммель, ХТО бірінші төрағасы және ХТО төрешілер панелінің мүшесі Барбара Доманн KC және White and Case заң компаниясының (Лондон, Ұлыбритания) заңгері Иван Филиппов болды.

Нәтижесінде Ташкент мемлекеттік заң университетінің командасы жеңімпаз атанды. Кубокты Самандарбек Норбоев пен Юлдыз Абдусолихова алды.

Сонымен бірге, Пәкістанның Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің финалистері де марапатқа ие болды.




Кристофер Кэмпбелл-Холт олардың жоғары деңгейдегі дайындығын, кәсібилігін атап өтті.

«Финалистер қараған іс Венадан бастау алатын коммерциялық арбитражға қатысты болды. Іс қазіргі заманға сай болды және осы сот ісіне қатысқан адвокаттардың үлкен дағдылары мен тәжірибесін қажет етті. Біз мұнымен тоқтап қалмай, болашақта осындай конкурстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Шетелдік студенттердің дағдыларын арттырып қана қоймай, қазақстандық заңгерлердің кәсібилік деңгейі де артып келеді», - деп толықтырды Кристофер Кэмпбелл-Холт.




Айта кетейік, төрелік тыңдаулар бойынша конкурс АҚШ Сауда министрлігі жанындағы коммерциялық құқықты дамыту бағдарламасының (CLDP) қолдауымен екінші жыл қатарынан өтіп келеді.

Бұл Орталық Азия мен ТМД елдерінің студенттеріне ауызша адвокатура семинарларынан өтуге және халықаралық деңгейдегі жаттықтырушылармен Vis Moot-қа дайындалуға мүмкіндік береді.








Соңғы жаңалықтар