Астанада тоқыма өнеркәсібі саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚХР Тоқыма өнеркәсібі одағының құрамына кіретін 30-дан астам ірі қытай компанияларының жетекшілері Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен танысу үшін алғаш рет Астанаға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Кездесу «Kazakh Invest» ҰК-ның қолдауымен ұйымдастырылды. Жиын барысында Kazakh Invest басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен инвестициялық бағдарлама аясында биотехнологиялар, автокөлік кластері, жаңартылған энергия көздері салаларындағы ірі жоғары технологиялы жобаларды іске асыру басталғанын атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың биылғы маусым айындағы ҚХР-ға сапары барысында басқа да келісімдерге қол жеткізілді.

«Тоқыма өнеркәсібі - ынтымақтастықты арттыратын үлкен әлеуеті бар, келешекті бағыт. Мәселен, Қазақстанда жыл сайын 250 мың тоннаға жуық мақта жиналады. Осы көлемнің шамамен үштен бір бөлігі өңделеді, ал қалған бөлігі шикізат түрінде экспортқа бағытталады. Сонымен қатар, бізде Өзбекстанмен шекара маңында орналасқан "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы бар. Халықаралық рейтингтерге сәйкес Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың Орталық Азия аймағындағы ең жақсысы екенін ескерсек, ҚР-дағы бизнесті дөңгелетіп, экспортты одан әрі дамытуға әбден болады», - деді С. Тұяқбаев.

Өз кезегінде «Оңтүстік» АЭА-ның басшысы Медеу Ділдәбаев қытайлық серіктестерге арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына қарастырылған жеңілдіктер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Тоқыма өнеркәсібі одағы - Қытайдың жетекші ұйымдарының бірі. ҚХР Тоқыма өнеркәсібі министрлігінің құрамынан шыққан Одақтың 20 жылдан астам тарихы бар. Қазір ұйымның қатарында 20 млн-нан астам адам жұмыс істейді. Қытайдың бүкіл тоқыма өнеркәсібі жалпы экспортының 12%-ы - осы одақ компанияларына тиесілі. Олардың Қытай экономикасына қосқан үлесі 3% деп бағаланады.

Кездесу барысында тоқыма өнеркәсібі делегациясының мүшелері мақта өндіру, шикізатты қайта өңдеу, киім өндірісі және логистика саласындағы ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүргізді.

«Бұл біздің Қазақстанға алғашқы сапарымыз және делегация мүшелерінің көпшілігі сіздің елмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Мұнда Kazakh Invest компаниясының шақыруымен келдік. Меніңше, бұл өте жемісті кездесу болды, біз Қазақстанның инвестициялық әлеуеті туралы білдік. Қазақстан мен Қытай - ортақ таулар мен өзендер арқылы байланысқан, ортақ шекарасы бар ел, сондықтан осы сала бойынша екі ел арасында үлкен мүмкіндіктер барына сенемін», - деді Қытай делегациясының басшысы, Қытай Тоқыма өнеркәсібі одағының төрағасы Сун Жуйчжэ.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасындағы Қытай Халықаралық Сауда Палатасы өкілдігінің бас директорының орынбасары Гао Ци:

«Бүгінгі кездесу Қытай мен Қазақстан арасындағы тоқыма өнеркәсібі ынтымақтастығы үшін жақсы бастама болды. Үкімет инвесторлар үшін өте қолайлы жағдай жасап отыр. Сондықтан бүгінгі келіссөздер мен талқылаулардан кейін жақсы нәтиже болады деп ойлаймын», - деп атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар