Астанада ТМД ғылыми және шығармашылық форумы өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 19-20 маусым күндері Астанада ТМД елдерінің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің ХІІІ форумы өтеді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА ТМД-ға мүше елдердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорына сілтеме жасап хабарлайды.

Қордың баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, биылғы форум «ТМД-дағы диалог: ХХІ ғасырдағы гуманитарлық ынтымақтастық перспективалары» тақырыбымен ұйымдастырылып жатыр.

Оған қатысу үшін Қазақстан астанасына Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресейден 200-ден астам делегат жиналады.

«Шарада ғылым, білім, өнер қайраткерлері кәсіби ықпалдастықтың түрлі қырларын, соның ішінде білім беруді гуманизациялау, жастармен жұмыс істеудегі сабақтастық және инновациялар, мәдениетаралық диалогты қалыптастыру секілді мәселелерді талқылайды. Шара аясындағы отырыстардың бірі Қазақстан елордасының 20 жылдығына дайындық және Астананың мәдениет институттарын қалыптастыру мен дамыту тәжірибесіне арналады», - деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

ҚР Ұлттық музейінде өтетін форум аясында ТМД-ның басты мемлекетаралық сыйлығы - «Достастық жұлдызы» наградасының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтеді.

Форум ТМД-ға мүше елдердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының қолдауымен ұйымдастырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар