Астанада ТМД бойынша алғашқы «Seedstars» стартап-инкубаторы ашылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 желтоқсанда елордада халықаралық технологиялық стартап-инкубаторы ашылады. Орталық ЭКСПО маңындағы «Hilton Astana» отелінде орналасқан, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ұлт көшбасшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Астана - инновациялар қаласы» стратегиясы қағидаларын іске асыруда «Hilton Astana» отелінің алаңында Астана қаласы инвестиция және кәсіпкерлікті қолдау басқармасы МБ мен халықаралық бизнес инкубаторлары «Seedstars» және «BI Property» ЖШС арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

Келісім шеңберінде қатысушы компаниялар салған инвестицияның арқасында Астана қаласында адам капиталын дамыту үшін бірегей алаң құрылады, онда қаланың әрбір тұрғыны тәжірибе алып, жаңа технология саласында жеке жобасын іске асыра алады және жастардың әлеуетін дамытуға басымдық беріледі.

«Үлкен қалалардың тәжірибесі көрсеткендей, жаһандық қалалардың тепе тең дамуы креативі жоқ индустриясыз мүмкін емес - ол цифрлы технология, сәулет және дизайн, заманауи медиа, өнер мен мәдениет. Сол себепті, біз креативті кластердің негізін қалыптастыратын Қалалық инновациялық алаң құрмақпыз. Мұнда астананың инновациялық экожүйесі қалыптасады», - деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.

Қалалық инновациялық алаң құру стартап-жобаларды дамыту үшін кең мүмкіндікті ашады және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жаңа кәсіпкерлер буыны мен цифрлы номадтарды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ол үшін алаң резидентінде менторлардың ауқымды желісі, консультанттар, техникалық мамандар, бизнес-періштелер мен инвестициялық жобаларға барынша қолжетімділік ұсынылады.

Аталмыш алаңның ерекшелігі мынада, әрбір қазақстандық әзірлеушінің алдында ІТ-технологиясы саласындағы әлемдік тенденцияға қолжетімді мүмкіндік ашылады. Бұл «Seedstars» басқаратын  ТМД көлеміндегі бірден бір коворкинг-орталық болмақ.

Халықаралық бизнес-инкубатордың серіктестерінің бірі Дэвид Дэкомбес өз сөзінде орталықта әлем бойынша 70 мыңнан астам стартапер, кәсіпкер мен инвесторлар бар екендігін атап өтті. Сондай-ақ жобаға қосылғаннан кейін Астана да бірыңғай желінің бөлшегіне айналып, тәжірибе алмасуға және  технологияның дамуы үшін өзіне үлкен мүмкіндіктер ашатынын  айтты.

Алаңда 14 коворкинг-кеңсе болады және де коливинг аумағынан техникалық шешімдерді әзірлеу үшін және мобильді қосымшаларды іске қосуға ыңғайлы 14 орын қарастырылған.

«Қатысушыларға қойылатын басты критерий - инновациялық, технологиялық өнім жасау. Жобаны іске асыру ең бірінші елордада, әрі қарай бүкіл Қазақстанға бағытталады. Одан басқа, орталықтың жұмысы қала экономикасына оң ықпалын тигізіп, болашақта халықаралық аренаға шығуы мүмкін», - деп түсіндірді Инновациялық экожүйені дамыту орталығының бас менеджері Жасұлан Кенжеғалиев.

Қазіргі таңда «BI Property» компаниясы «Hilton Astana» отелінің аумағында жобаны іске толықтай қосу үшін кеңсе дайындауда. Жөндеу жұмыстары осы жылдың 1 желтоқсанына дейін аяқталады.

Соңғы жаңалықтар