Астанада тілдерді дамытуға қосымша 310 млн теңге керек - басқарма

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп бюджетті нақтылау кезінде қосымша 310 млн теңге сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың екінші тоқсанында бюджетті нақтылауға Тілдерді дамыту басқармасынан ұсынылған өтінімдерге байланысты қаражаттың жалпы сомасы – 310 млн 859 мың теңге. Оның ішінде тіл саясатын жүзеге асыруға арналған шараларға - 110 млн 10 мың теңге, ал архив ісін дамытуға арналғаны - 200 млн 849 мың теңге», - деген басқарма басшысы бұл ақшаның қандай шараларға жұмсалатынын тізіп берді.

«Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамытуға 90 млн 10 мың теңге сұралып отыр. Оның ішінде зиялы қауым өкілдерімен әр түрлі бағытта танымдық шаралар өткізу, оқу орындарында кездесулер сериясын өткізу бағыты бойынша 15 млн теңге сұрап отырмыз. Халықаралық қазақ тілі қоғамының әлеуетін тарта отырып, «Көрнекі ақпарат» деген арнайы жобаны жүзеге асыруға 8 млн теңге қажет», -дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл – ҚР Мемлекет хатшысының тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған жоба.

«Қаланың ірі сауда орындарында, парктерде, базарлар мен қоғамдық орындарында аудиоротация орнатуға сұралатын қаржы көлемі – 9 млн теңге. Абайдың қара сөздерінен бастап мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, поэзия үзінділері жыл соңына дейін аталған орындарда ойнап тұрады», – деді Сәкен Есіркеп.

Бұған дейін жазғанымыздай, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа бастамалар бойынша лимиттер бюджет шығыстарының өсу қарқыны негізінде айқындалатынын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар