Астанада тіл нормасын бұзған мыңға жуық жарнама алынып тасталды

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда көшелерінен тіл нормаларына қайшы келетін және уәкілетті органмен келіспеген 1 мыңға жуық жарнама алып тасталды. Бұл туралы  Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

«Біздің басқарма жанынан құрылған жұмысшы тобының өкілдері жыл басынан бері 150-ге жуық көшені аралап, тіл нормаларына қайшы келетін және уәкілетті органмен келісілмеген 1 000-ға жуық жарнаманы алып тастады. Қазір «Жарнамадағы тіл тазалығы - баршаға ортақ іс» жалпықалалық акциясы аясында бұл жұмыс жалғасып жатыр», - деді Сәкен Есіркеп.

Оның айтуынша аталған шараның негізгі мақсаты - заңсыз жарнамамен күрес және олардағы тіл тазалығын сақтау, сондай-ақ ол жарнамалардағы қателік көбінесе қазақ тіліне қатысты екенін де айтып өтті.

«Жоспар бойынша қалада қай жерде проблема көп сол жерге барып жатырмыз. Негізі заң бойынша жарнама эскизі алдын ала бізбен келісілуі тиіс. Егер келіспесе демек жарнама заңсыз деген сөз. Тағы бір айта кететін  жайт, бұл тексеру жұмысы емес мониторинг жасау және акция жыл соңына дейін жалғасады. Бүгінде бұл шараға Астана студенттерін де тартудамыз, жалпы елорда тұрғындарын белсене қатысуға шақырамыз», - деді ол.

Сөз соңында С.Есіркеп жарнамалардағы қателікті нақты атап көрсетіп, тіпті ресми хат жазса да қимылдағысы келмейтін кейбір мекемелердің барын айта келе, дегенмен белсенді қатысушы ұйымдардың көптігін тілге тиек етті, соның ішінде тіл нормасын сақтау шарасына Астана қаласының «Байқоңыр» және «Сарыарқа» аудандары әкімдіктерінің заңсыз орнатылған жарнамалардан тазарту мәселесінде біраз шаруаны жасап жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, қала бойынша жарнамалардан қате кездестірген жағдайда оның орналасқан жерін, күнін, тиісті фотосуретті тіркей отырып [email protected] электронды мекенжайына немесе Тіл басқармасының Фейсбуктегі аккаунтына хабарлама жазып жіберуге болады. Байланыс телефондары  8(7172)556729, 556702, 87785237907.

Соңғы жаңалықтар