Астанада теңге ілу мен аударыспақтан Азия чемпионаттары өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында теңге ілу және аударыспақтан Азия чемпионаттары өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осындау маңызды дата қарсаңында біздің ведомство мәдени шаралармен бірге, спорттық сайыстарды даярлап жатыр. 31 мамырдан 2 маусым аралығында сіздерді «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлері бойынша өте тартымды шаралар күтіп тұр. Атап айтқанда, теңге ілуден ІІ Азия және аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаттары өтеді», - деді министр.

Аталған спорттық шараларға ЮНЕСКО-ның  Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті  өкілдерінің қатысуы жоспарланған.

«Теңге ілу жарысына  7 елден спортшылар келеді, яғни олардың арасында Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Моңғолия бар. Ал аударыспақ сайысына 9 мемлекеттік спортшылары елімізге сапарлайды. Шетел тарапынан осындай чемпионаттарға қызығушылық жоғары», - А. Мұхамедиұлы.

Оның атап өтуінше, теңге ілуден ІІ Азия және аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаттарының жалпы жүлде қоры - 14 000 000 теңге.

Естеріңізге сала кетейік, аударыспақтан I Азия чемпионаты 2014 жылы Астанада, II Азия чемпионаты 2016 жылы Қытайда өткен болатын. Ал  теңге ілуден I Азия чемпионаты Астанада 2015 жылы ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар