Астанада тегін дәрі-дәрмек емханалар арқылы берілмек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана денсаулық сақтау басқармасы «Гиппократ» дәріханалар желісі қызметінен бас тартып, тегін дәрі-дәрмекті мемлекеттік емханалар арқылы беруге шешім қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі елорда әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаеваға сілтеме жасап.

«Дәрі-дәрмек қолжетімділігін арттыру және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шығындарын реттеу үшін денсаулық сақтау басқармасы дәрілік препараттарды мемлекеттік емханалар арқылы беруге шешім қабылдады», - деп жазды ол Фейсбукте.
Бұрын қала әкімдігі тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі аясындағы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту туралы ақпарат таратқан болатын.

«Республикалық бюджет 2018 жыл үшін Астанаға 119 мың науқасты қамтамасыз ету мақсатында 7,6 млрд теңге қаржы бөлді. Ал тегін препараттардың тізімі 30%-ға ұлғайып, Астана қаласының емханалары сұраған қаржы 12 млрд теңге болды. Яғни бюджет дефициті 4,4 млрд теңгені құрады», - делінген денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

2017 жылы тегін амбулаториялық қамту аясында 8,7 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі игерілген, бірақ бұл Астана тұрғындарының қажеттілігін толығымен қанағаттандырған жоқ. 2017 жылы 98,5 мың адам қамтамасыз етілген, бұл 2016 жылға қарағанда 8,5 мыңға көп деген сөз.
Әзірге «СК-Фармация» ЖШС мен емханалар арасында тұрғындарды дәрі-дәрмекпен амбулаториялық деңгейде қамтамасыз ету туралы келісім жасалмаған, сондықтан препараттарды жеткізу кешеуілдеуі мүмкін.

Дәрі-дәрмек жетіспеушілігін болдырмау мақсатында басқарма 2018 жылғы қаңтардың соңына дейін тұрғындардың диспансерлік тобын препараттармен қамту шараларын қарастырды.

Егер «СК-Фармация» ЖШС дәрілік препараттарды қаладағы емханалардың қоймасына жеткізуі барысында үзілістер болса, дағдарыс жағдайын туындатып, елорда тұрғындарының наразылығына себеп болуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар