Астанада тараздық электроавтобустар сынақтан өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таразда құрастырылған электр қуатымен жүретін автобустар Астанада жуық арада сынақтан өткізіледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Күні кеше ғана бізге Тараз қаласындағы бірегей жоба таныстырылды. Тараздың мамандары «ЭКСПО-2017» көрмесіне екі автобус алып келген болатын. Бірақ ол көліктер туралы ешкім естіп жатқан жоқ. Ол автобустар қуат көзі толтырылғаннан кейін 300 шақырым жол жүре алады. Қуаттану уақыты да тым аз. Біз ол автобустар мен қарапайым дизельдік отынмен жүретін автобустардың шығындарын салыстырып көрдік. Ол қаншалықты тиімді әрі инвестициялық жобаны жүзеге асыру құны қанша тұрады? Автобусты ойлап табушылар жобаның қатты қымбатқа түспейтіндігін айтып отыр», - дейді «G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы Салтанат Рахымбекова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ЭКСПО көрмесіне әкелінген электроавтобустардың қозғалысы жазда тексерілген. Ендігі уақытта отандық автобустың қыс мезгіліндегі қозғалыс қабілетін бақылау көзделуде.

«Осы себепті, біз келесі аптада Астана қаласының әкімдігімен келіссөз жүргіземіз. Тараздың автобусты құрастырған мамандары көлікті сынақтан өткізуге дайын», - дейді Салтанат Рахымбекова.

Айта кетсек, бұдан бұрын «G-Global «жасыл экономика» мен даму коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына қатысты пікірін білдірген болатын. Салтанат Рахымбекова өз сөзінде G-Global базасында төртінші өнеркәсіптік төңкерістің инновациялары мен «жасыл» жобалары үшін қаражат жинайтын краутфандингті алаң құру керектігін айтып өткен еді.

Соңғы жаңалықтар