Астанада «Талан» көркем фильмінің тұсауы кесілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Сары-Арқа» кинотеатрында «Талан» жаңа көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірді. Бұл туралы киностудияның баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фильмнің таныстырылымына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Қалымбетов, актерлер - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жаңысбекова, Ерік Жолжақсынов, Ержан Нұрымбет және Асан Мәжит қатысты.

Тарихи драма ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы басты кейіпкердің өмірі жайлы сыр шертеді. Фильмнің сценарийін Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» әңгімесі негізінде Ғазиз Насыров пен Болат Қалымбетов жазып шыққан. Кино түсірілімі Алматы қаласы мен Алматы облысында жүргізілді.

«Фильмде халқымыз тарихының күрделі кезеңі - өткен ғасырдың 30-40 жылдары баяндалады. «Талан» сөзі «тағдыр» дегенді білдіреді. Міне, сондықтан, фильмнің басты мақсаты - сол дәуірдегі адамның бейнесін ашу және оның тағдырын баян ету. Мен Мәдениет және спорт министрлігіне, «Қазақфильм» киностудиясына, сондай-ақ бүкіл фильм тобына үлкен алғысымды білдіремін. Сенім білдіргендеріңізге рахмет!», - деді баспасөз мәслихатында режиссер Болат Қалымбетов.

Ал актер Асан Мәжит бұған дейін тек эпизодтық рөлдерде ойнағанын айтады.

«Бір күні бірден үш фильмнің басты рөлінде ойнау ұсыныстары жасалды. «Таразда» бандитті ойнау қиын емес еді. Бірақ «Талан» туындысында мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Болат Қалымбетов бұл рөлге мені екі жылдан астам уақыт дайындады», - дейді актер Асан Мәжит.

Фильмге сондай-ақ Ерік Жолжақсынов (Таласбек), Шынар Жанысбекова (Бибісара), Ержан Нұрымбет (Шорман), Ұлан Нүсіпәлі (Шүкір) мен Оңдасын Бесікбаспв (Қастек) түскен.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын аталмыш картина Иранда өткен Халықаралық кинофестивальде көрсетілген болатын.

Соңғы жаңалықтар