Астанада такси жүргізушісін пышақтап кеткен күдікті ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күдікті жүргізушіден ақша талап етіп, оған пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан белгісіз бағытта бой тасалаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

«Жекеменшік тасымалдаумен айналысатын такси жүргізушісі жолаушыны Ы. Дүкенұлы көшесіне дейін алып келген. Үйдің ауласында мас күйінде болған жолаушы мен жүргізуші сөзге келіспей қалған. Содан соң күдікті жүргізушіден ақша талап етіп, оған пышақ жарақатын салып, артынша белгісіз бағытта бой тасалаған. Кездейсоқ өтіп бара жатқан ер адам оқиға орнына жедел жәрдем мен полицияны шақырған. Жарақаттанған такси жүргізушісі дер кезінде ауруханаға жеткізілді», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Хабарламада айтылғандай, кездейсоқ куәгер полиция қызметкерлеріне күдіктінің белгілерін айтып берді.

«Жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде күдікті ер адам жақын маңдағы үйлердің бірінің ауласында ұсталды. Кейін анықталғандай, ол бұрын істі болған Жамбыл облысының 28 жасар тұрғыны болып шықты», - деп хабарлайды полиция департаменті.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалып, аталған факті бойынша ҚР ҚК 192-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ, ұсталған азаматтың бұрын жасалған басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Осыған байланысты ұсталған күдіктінің қылмыстық іс-әрекетінен зардап шеккен азаматтарды Астана қаласының Полиция департаменті Бейбітшілік көшесі, 19 мекенжайына немесе 8 (7172) 71-60-21, 71-61-47, 102 телефондарына хабарласуын сұрайды.

Соңғы жаңалықтар