Астанада тағы бір IT-сынып ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Көлік және коммуникациялар колледжінде жаңартылған IT-сынып ашылды. Ол жерде оптикалық-талшықты кабельдерді тартуға үйренуге болады. Бүгінде аталған кабельдер арқылы шалғай жатқан аудандарға кең жолақты интернет қосылады. Алайда бір-екі жылдан кейін Қазақстанда оптикалық талшықтың орнына спутниктік байланысты қолдану жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Колледж оқытушысы Ақжол Мұратұлының айтуынша, жаңа сыныпта теорияны тәжірибе жүзінде тексеруге мүмкіндік бар. Мәселен, оптикалық-талшықты кабельдерді жан-жақты зерттеуге болады.

«Оптикалық-талшықты кабельдердің артықшылығы неде? Мәселен, мыс немесе аллюминий сымдарда сигнал тоқ арқылы беріледі. Ал оптикалық-талшықты кабельде сигнал жарық арқылы таратылады. Осының арқасында сигналды, яғни ақпаратты жылдам жеткізуге болады. Соңғы кездері интернеттің жақсы дамуы - осы кабельдердің арқасы. Қазақтелеком да оптикалық-талшықты байлынысты кеңінен қолданып келеді. Біз болсақ, осы сыныпта студенттерді оптикалық талшықпен жұмыс істеуге үйретеміз. Бұдан бөлек, студенттер сигнал жеткізудің сан алуан жолдарын іс жүзінде көре алады. Фазаны өзгерту арқылы сигнал қалай жетеді? Жұмыстың нәтижесі қандай? Соның бәрін компьютерден көруге болады. Осының арқасында жас мамандар өндіріске барғанда бірден жұмысқа араласып кетеді», - дейді А.Мұратұлы.

null  Аталған бастама «Нұр Отан» партиясының «Тегін 1000 IT-сынып» жобасы аясында қолға алынып отыр. Бұдан бөлек, республика бойынша IT-орталықтар да ашылып жатыр. Негізгі мақсат - халықтың осы саладағы сауаттылығын арттыру, кәсіби мамандарды даярлау. Орталықтарда кез келген адам қайта даярлау курстарынан өте алады. «Осы уақытқа дейін республика бойынша 100-ден астам IT-сынып ашылды. Ондай сыныптарда робот техникасы, 3D модельдеу және тағы басқа ақпараттық технологияларға үйретеді. Жылдың аяғына дейін 250 IT-сыныпты ашу жоспарланған. Үш жылдың ішінде, кем дегенде, 1000 сынып ашылады деген жоспар бар. Ал IT-орталықтарда қайта даярлау курстарынан өтуге болады. Біз 15 орталықты аштық. Жылдың аяғына дейін тағы бесеуі құрылады», - дейді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

nullАйта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында шалғай жатқан ауылдар кең жолақты интернетке қосылады. Осының арқасында 2021 жылға дейін 1249 елді мекенді тұратын 2 млн-нан астам адамға жылдам интернет жетеді. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың сөзіне қарағанда, бас кезінде оптикалық-талшықты кабельдер қолданылады. Ал екінші кезеңде спутниктік байланыс және тағы басқа жаңа технологияларға басымдық беріледі. Соның арқасында кең жолақты интернет барлық елді мекендерге жетеді деген жоспар бар.

Соңғы жаңалықтар