Астанада тағы 30 жылы аялдама орнатылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана LRT» компаниясы жыл соңына дейін астанада тағы 30 жабық аялдама орнату жоспарлап отыр. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының астаналық филиалында «Еркін пікір» іс-шарасында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфоға сілтеме жасап.

Шарада қаладағы қоғамдық көліктердің проблемасы талқыланды.

Жиын барысында «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары Бауыржан Сейітов елордадағы қоғамдық көліктердің төңірегінде болып жатқан проблемалардың жүйелі шешіліп жатқанын мәлім етті. Ол онлайн төлем жолдарының артықшылығын, Astra картасын арнайы аппараттар арқылы ғана емес, банк қосымшасы арқылы телефонмен де толтыруға болатынын түсіндіріп өтті.

Жиналғандар «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасарына ойларында жүрген сауалдарын қойды. Кездесуде сөз алған Байқоңыр ауданы Ардагерлер ұйымының төрағасы Сәрсембай Мыңбаев мәселені жіпке тізгендей етіп жеткізді.

«Қаладағы автобустардың интервалы тым ұзақ. Мәселен, «Өндіріс» тұрғын алабын алайық. Бұл жерде 35-40 мың адам тұрады. Бір қиындығы бұл жаққа баратын автобус санаулы. Жұртшылық көбіне №24 бағыттағы автобуспен қатынайды. Ал таңертең оның ішіне кірудің өзі мұң. Тұрғындардың кейбірі бірнеше автобусты өткізіп барып мінетіне шағымданып жатады. Бұдан бөлек, жүргізушілер аялдамаға алыстау тоқтайды. Бұл әсіресе мүгедек жандар мен сәбиі бар аналардың арбасымен кіріп-шығуына қиындық тудырады. Сондай-ақ әр мектептің маңайына жылы аялдамалар орнату қажет», - деді Сәрсембай Мыңбаев.

Оған Бауыржан Сейітов астанада автобустың ғана емес, жүргізушілер санының аздығын да атап өтті.

«Қазір жүргізушілердің жол ережесін сақтауына қатты мән беріп отырмыз. Бірақ оларды тәртіп бұзған сайын бірден жұмыстан шығарып жібере алмаймыз. Себебі жүргізушілер онсызда аз. Егер біреуін жұмыстан шығарып жіберсек, ертеңінде ол автобус тоқтап қалады. Ал екінші мәселеге келер болсақ, астана бойынша 1 100 аялдама болса, оның 730-ында павильон бар. Ал қала бойынша 100 жылы аялдама орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 30 жабық аялдама орнатуды жоспарлап отырмыз. Қазір осы бағытта инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр», - деп жауап қатты «Астана LRT» ЖШС төрағасының орынбасары.

Ал «Астана LRT» қызметкері бір бағытты көшелердің мәселесі қазір талқыланып жатқанын айтты.

«Бір бағытты жүйеге басқа көшелерді ауыстыруды жөн көріп отырмыз. Олар – Қонаев, Достық, Ақмешіт Түркістан көшелері. Әзірге бұл жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ. Бірақ Керей, Жәнібек хандар көшесін қарастырып көреміз. Ал №46 бағыттағы автобус расымен қаланың жұртшылық көп қатынайтын тұстарымен жүреді. Дегенмен жоспарланған 22 қоғамдық көліктің 20-21-і жолаушыларға күнделікті қызмет көрсетеді. Бір айтарым, қала әкімі іске қосқан «Акселератор» жобасы екі аптадан бері жұмыс істеп келеді. Міне, осы жобада қаланың белсенді тұрғындары өзекті мәселелерді талқылап тұрады. Сізді осы жобаға шақыра отырып, сол жерде шешім жолдарын қарастыруды ұсынамын», - деп түсіндірді Бауыржан Сейітов.

Сөз соңында ол «Астана LRT» ЖШС осы жылдың 3 және 4 тоқсанында бөлінген 8 проблемалы бағыт бойынша қысқа маршруттар енгізілетінін айтып өтті. Оның арасында Сәрсембай Мыңбаев айтып өткен №24 бағыттағы көлік те бар. Яғни, қысқа маршрутты қоғамдық көліктер қарбалас уақыттарда проблемалы тұстарда қызмет көрсетеді. Бұл өз кезегінде адам толы автобустардың мәселесін шешуге септігін тигізбек.

Соңғы жаңалықтар