Астанада суға кеткен балалардың бірі ауруханаға жеткізілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада үш бірдей отбасы қара жамылды. Пригородный кентіндегі Нұра-Есіл су арнасынан 4 баланың мәйіті табылды. Кәмелетке толмаған балғындар рұқсат етілмеген аумақта шомылған, деп хабарлайды 24.kz.

Өмірдің қызығын көріп үлгермеген жеткіншектердің жазатайым жағдайға душар болуы олардың ет жақындарын ғана емес, естіген жұрттың қабырғасын қайыстырды.

Кеше осы оқиғаға байланысты түнгі сағат 12 шамасында «112» қызметіне 3 баланың жоғалғаны жөнінде ақпарат келіп түскен. Әдетте улалп, шулап жататын, көңілді аула бір сәтте тыншып қалды. Тым-тырыс. Көшеге шыққан балалардың да бүгін ойнауға мұршасы жоқ. Тек терезеден қара жамылған отбасы мүшелерінің жоқтауы естіледі. Бүгін таң сәріде Нұра-Есіл су арнасынан 4 баланың денесі табылды. Олар кеше түскі уақытта су жағасына ойнауға кетіп, содан оралмаған.

«Ол балалар суға түсуге рұқсат етілмеген жерге түскен кезде қаза болған. Жедел-іздестіру шараларының шеңберінде, полиция қызметкерлерінің айтуы бойынша, кеше бұл балалар түскі сағат бірдің кезінде арна жаққа ойнауға кетіп, содан қайта оралмаған. Қаза тапқандардың екеуі бір үйдің балалары болып шықты. Бірі - 11-де, екіншісі 7 жаста еді»,-деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Аягөз Фазылова.

«Шомылып жатқан кезде тайып кетіп түскен еді. Ол балаларды өзіміз көрдік. 5 бала болды. Біреуі жансақтау бөлімінде жатыр деп естідік. Жаңағы баланы құтқарып алған кезде, алғашқы көмек көрсету үшін жанымыздағы ағамыз көмектесті. Періштесі қағып, ажалдан әупірімдеп аман қалған бала кеше кешке екінші қалалық балалар ауруханасына жеткізілді»,-дейді қала тұрғыны Қуаныш Құдайбердиев.

«Алдын ала «асперациялық пневмония» деген диагноз қойылды. Дәрігерлер науқасты күрделі стоматика бөліміне орналастырды. Қазіргі таңда бала денсаулығы тұрақталды. Өміріне қауіп жоқ. Дәрігерлердің бақылауымен тиісті емін қабылдап жатыр. Айдың-күннің аманында бір күнде 3 отбасы қара жамылып қалды. Қайғы жұтқан жандардың жақындары да жанын қоярға жер таппай жүр»,-дейді Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.

Соңғы жаңалықтар