Астанада студенттер жатақханадан орынды мобильдік қосымша арқылы сұрай алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл астаналықтар үшін білім беру, көлік және салық салаларында жаңа қызметтер онлайн режимде қолжетімді болады. Бұл туралы ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Астана Innovations» АҚ мәліметіне сәйкес, осы жылы Smart Astana мобильдік қосымшасы түрлі әлеуметтік салада қала тұрғындарын керек ақпаратпен қамтамасыз ететін болады.

Мәселен, 22 ақпаннан бастап қосымшада салық берешегін тексеру мүмкіндігі пайда болады.

Ал 1 сәуірге дейін салықтар мен айыппұлдарды, үйірмелер мен секциялар ақшасын төлеу қызметтері қолжетімді болады.

15 наурызға дейін ХҚКО-да алдын ала кезек алу мүмкіндігі пайда болады.

Цифрлық технологиялар астаналық білім беру саласында да белсенді енгізілуде. Атап айтқанда, 18 ақпанда Smart Astana мобильдік қосымшасында білім беру орталықтарындағы секциялар мен үйірмелер кестесі көрсетілген және оларға жазылу мүмкіндігі бар функция қосылады. Осылайша, тұрғындар жұмыс істеп тұрған және ашылып жатқан білім беру орталықтары туралы ақпаратты біліп отырады.

15 наурызда барлық мемлекеттік колледждердің жатақханасы сандық жүйеге қосылады. Солайша, жатын орын сұрауға өтінішті онлайн беруге болады.

Бұдан бөлек, 1 сәуірде Smart Astana қосымшасында балабақшаға кезекке қою, мектепке баруға жазылу сервисі іске қосылады.

Әр мектептің кіреберісінде QR-кодтары бар ақпараттық тақтайшалар және нұсқаулықтар орнатылады. Сервис шағымдар мен ұсыныстарды қабылдайтын болады.

Астанада «ақылды» технологиялар қоғамдық көлік саласына да енгізілуде. Smart Astana мобильдік қосымшасында қазірдің өзінде «Автобус аялдамасының таблосы» сервисі қолжетімді. Ол автобустың қанша уақытта келетінің көрсетеді. Сервис қызметі QR-кодты сканерлеумен жүзеге асады. QR-кодтарды барлық аялдамаларға қою ойластырылған, ол барлық аялдамаларды виртуалды табломен қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар наурыз айында такси шақыру (Astana Taxi) сервисі іске қосылады және онда жол құны көрсетіліп тұратын болады.

Соңғы жаңалықтар