Астанада спорт секцияларына келесі жылы қанша қаражат бөлінеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елорда бюджетінен балалар спортына бас-аяғы 5,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеғали Кәрбозов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Астанада мемлекеттік тапсырыс бойынша спорттың 25 түрінен 575 спорттық секция жұмыс істеп тұр. Жыл басында берілген ваучерлер саны 44 998 болса, оның ішінде белсендісі 27 369 ваучер. Өткен жылы спорт бағдарламасына 602 млн теңге бөлінсе, биыл қарқын алып, 1,3 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар бюджетті нақтылау кезінде мәслихат депутаттарының қолдауымен қосымша қаражат бөлінді. Осылайша жергілікті бюджеттен бас-аяғы 5,6 млрд теңге қаржы бөлінді», - деді Еркеғали Кәрбозов елорда мәслихатының отырысында.

Оның айтуынша, таяуда спорт секцияларына Үкімет резервінен қосымша 660 млн 201 мың теңге қаржы бөлінді.

«Келесі жылға бюджет лимиті бойынша 2 млрд теңге қарастырылып отыр. Проблемаларға келсек, біз жоғарыда аталған 575 спорттық секцияның бәрін барып, қарап үлгермедік. Өйткені бізде мониторинг жүргізетін құзырет жоқ. Біз аталған жайт бойынша Қоғамдық кеңеспен бірлесіп жұмыс жасауға тырыстық. Әзірге мәселе өз шешімін таппай тұр. Спорт секциясына барған баланың ата-анасы табельге қол қояды. Қазан айынан бастап ArtSport платформасы бізге IP мекенжайды көру мүмкіндігін берді. Аталған мүмкіндік арқылы бір мезетте 80-90 баланың қол қойғанын көріп отырмыз. Өкінішке қарай, бізде ол ақпараттың растығын тексеретін мүмкіндік жоқ. Дегенмен жеткізуші мен балалардың ата-анасынан секцияға барып жүргені туралы мәліметті алып отырмыз», - дейді ол.

Сондай-ақ Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы бақылау мен қадағалау мәселесін жүйелеу керектігін айтты.


Соңғы жаңалықтар