Астанада соңғы екі аптада 76 адамды кене шаққан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада кене шағу жағдайлары көбейген. Осы орайда мамандар астаналықтарды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Саяжай маусымының басталуы және мамыр айындағы мерекелер кейбір елорда тұрғындарын жағымсыз жайтқа әкелді. Мамыр айы басталғалы 76 астаналықты кене шағып, дәрігердің көмегіне жүгінді. Қыстан шыққан кенелер өте белсенді әрі агрессивті болады. Мамыр, маусым айлары - кененің көбейетін кезеңі. Жыл басталғалы 109 кене шағу жағдайы тіркелді. Оның ішінде 44-і - 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28 жағдайға көп», - деді Нұр-Сұлтан қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Нағима Шатаева.

Мамандар кене шағу жағдайының көбею себебін ауа райының жылынуы және халықтың белсенділігімен байланыстырып отыр.

«Соңғы екі жыл бойы карантин болып, сәйкесінше адамдардың қозғалысы да азайды. Қазір карантиндік шектеулер жоқ, оның үстіне мамырда бірнеше мереке болды. Кенелердің шабуыл жасау фактілері Ақмола облысы бойынша Бурабай, Зеренді, Қосшы, Қоянды, Максимовка және Жібек жолы елдімекенінде жиі тіркеледі. Сонымен қатар елорда іргесіндегі Вячеслав су қоймасы, қаладағы Ботаникалық бақ пен басқа да демалыс орындарында жиі болады. Кенелер әртүрлі жануарлардың қанын сору арқылы бойына микробтарды жинайды. Кейін адамды шаққан кезде ол микробтар тасымалданады. Кенеден жұғатын аурулардың ішінде кең таралғаны - кене энцефалиті, геморрагиялық қызба және боррелиоз», - дейді ол.

Сондай-ақ, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті табиғат аясында кенелерден қорғану тәсілдерін атады.

«Арнайы репеллент пайдалану қажет. Табиғат аясында шыққанда денені толық жабатын киім киген жөн. Кенеге қарсы аэрозоль алуды да ұмытпау керек. Сонымен қатар табиғат аясында болған кезде өзіңіз бен балаларыңызды әр 15-20 минут сайын тексеріп отырған абзал. Үйге кірер алдында үстіңізді мұқият тексеріңіз. Тағы бір жайт, кенелер адамға жабысып қана емес, заттармен (сөмке) ілесіп келуі де мүмкін», - дейді маман.

Оның айтуынша, кене шаққан жағдайда оны денеден мүмкіндігінше тез алып тастау керек.

«Кененің көзін тез құртпаса, боррелиоз жұқтыру қаупі бар. Кенені жою үшін жарақат бекетіне хабарласқан дұрыс. Алайда кенеден өз бетіңізше де құтыла аласыз. Яғни пинцетке оратылған жұмсақ губкамен алуға болады. Қабынудың алдын алу үшін кененің денесін басынан жұлып алмауға тырысыңыз. Сол сияқты кенеге қарсы препаратты мүмкіндігінше ертерек, яғни кене шаққаннан кейін 24-48 сағат ішінде қолданған жөн», - деді Н. Шатаева.


Соңғы жаңалықтар