Астанада соққыға жығылған бес жасар қыз анасына қайтарылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бала құқықтары бойынша сарапшылар Астанада соққыға жығылған бес жасар қыз баланың болашақ тағдыры жайлы бір шешімге келуді ойластыруда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бала әрдайым өзінің жақын туыстарының жанында өзін жақсы сезінеді. Мұндай жағдайда ең жақсы орта - отбасы. Бірақ, қыз баланың әкесі жоқ, ал анасы ауыр бап бойынша 6 жылға сотталып кеткен. Ол (анасы) жазасын өтеу мерзімін ұзарту туралы аппеляцияға берді, ал мен болсам ол хатты жауапты мемлекеттік органдарға жолдадым. Өзім де сот органдарына хат жазайын деп отырмын», - деді Бала құқықтары жөнінде уәкіл Зағипа Балиева «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне.

Сонымен қатар, Зағипа Балиева іске араласуға құқығы жоқ болғанымен, жазасын  өтеу мерзімін ұзартуды сұрай алатынын жеткізді.

«ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, жазасын өтеушінің 14 жасқа дейінгі баласы болса, ол жазасын өтеуді 5 жылға дейін ұзартуға өтініш бере алады. Егер ұзарту мерзімі туралы шешім қабылданса, қыз бала анасына қайтарылады. Егер сот қылмысты ауыр деп танып, жазасын өтеу мерзімін ұзартудан бас тартса, баланы қайда жіберуді шешеміз. Мұндай жағдайда Алматыда оның әпкесі бар. Қазір ол қажетті құжаттарды жинап, баланы қамқорлығына алғысы келіп отыр», - деді Зағипа Балиева.

Оның айтуынша, мұндай нұсқаға қамқорлыққа алу туралы органдардың тексерісі кедергі келтіруі мүмкін.

«Қазіргі уақытта жауапты органдар асырап алғысы келген адамның тұрған жерін, жағдайы мен басқа да жайларды тексеруі керек. Бұл тексеріс қыз балаға шынында да барлық жағдай жасала ма, жоқ па - соны білу үшін жүргізіледі. Қазір қыз бала емдеу курсынан өтіп жатыр. Онымен психолотар жұмыс жүргізуде», - деді ол.

 Зағипа Балиеваның айтуынша, жоғарыда аталған екі нұсқа да іске асырылмаса қыз баланы балалар үйіне тапсырудан басқа амал қалмайды. Десе де, оның айтуынша, баланы әпкесіне беру нұсқасы орындалуы мүмкін.

Еске сала кетсек, 3 наурыз күні Қуат Ахметжанов Қазақстандағы Бала құқықтары жөнінде уәкілдің Фейсбуктегі парақшасында WhattsApp мессенджерінен келген кішкентай қыз туралы хабарлама мен оның фотосуретін жариялаған болатын. Ол денедегі соққы іздерімен қалалық №2 балалар ауруханасына түскен. 

Желідегі жазбаның авторы әйел болған. «Мен өзім қызыммен №2 ауруханада жатырмын. Алдыңғы күні біздің бөлімшеге көптеген жарақатпен 5 жасар қыз келіп түсті. Келесі күні оның басына бірден ота жасалды. Бір сөзбен айтқанда, дәрігерлер оның жанын аман алып қалды. Қыз балаға көмектесу туралы жазбамды жариялауды сұраймын», - деп жазған ол.

Соңғы жаңалықтар