Астанада SMS құлақтандыру арқылы айыппұл өндіру тиімді болып шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының прокуратурасы ішкі істер органдары салған әкімшілік айыппұлдардың төленуіне қатысты мәселелерді талдап шықты. Соңғы 5 жылда бұл көрсеткіштің 50 пайыздан аспағаны анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық прокуратураға сілтемемен.

Оның негізгі себебі қарапайым болып шықты - құқық бұзушылар борышы бар екенін білмеген. Пошта арқылы жіберілген тиісті ұйғарымдар айыппұл төлеушінің өзіне жетпейді.

Елордалық полиция департаменті бұл проблеманы шешу үшін 2017 жылдың қыркүйегінде құқық бұзушылардың телефон нөмірлеріне тестілеу режімінде SMS-хабарламалар жіберген. Алайда бұл шара бірден елене қойған жоқ, өйткені көптеген тұрғындар өздеріне келіп жеткен хабарламаның шынайылығына күмәнданған.

Осындай реакцияны болдырмау үшін, қалалық прокуратура полиция департаментімен бірлесіп, барлық мүдделі меморгандардың пікірі есепке алынған алгоритмді жасап шықты.

Енді жол жүру ережелері бұзылған кезде, айыппұл туралы мәліметтер Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне енгізіліп, одан кейін электронды үкімет порталының бірыңғай байланыс орталығы арқылы телефон нөмірі тексеріліп, оған төленбеген айыппұл туралы SMS-хабарлама жіберіледі.

2018 жылдың сәуір айынан бастап бұл әдіс онлайн режімде жұмыс істеп тұр.

Осы уақытта құқық бұзушыларға 140 мыңнан астам хабарлама жіберілген. Аталған қызметтің бюджеттен шығын қажет етпейтінін атап өту керек.

Жаңа әдістің арқасында елордада айыппұлдарды төлеу деңгейі 73 пайызға өскен.

Құқық қорғаушылардың ақпараттандыру сапасын арттыру мақсатында прокуратура органдары Qamqor.gov.kz сайтында «Айыппұлдарыңды тексер» атты бөлім ашты. Мұнда азаматтар өздерінде бар айыппұлдар туралы ақпаратты хабарландырусыз тексере алады. 

Соңғы жаңалықтар