Астанада СҚО Мәдениет күндерінің гала-концертін 5 мыңнан астам адам тамашалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 11 күнге жалғасқан Солтүстік Қазақстан облысының Мәдениет күндері «Қызылжар елі - Қазақстанның маржаны» атты гала-концертпен аяқталды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткен концертті 5 мыңнан астам адам тамашалады.

«400-ден астам әртіс Астана қаласының тұрғындарымен қонақтары үшін өнер көрсетті. Бағдарлама СҚО-ның ең үздік ұжымдарымен жасалды. Барлық әртістер өз шығармаларын үлкен ықыласпен орындап шықты», - деп атап өтті СҚО мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Рақымов.

Музыкалық кеш «Туған жер» және «Әдемі-ау» атты танымал ансамбльдердің «Болашақ энергиясы» хореографиялық композициясынан басталды. Өздерінің энергиясымен және қимыл-қозғалыстарының жеңілдігімен ұжымдар көрермендерде үлкен әсер қалдырды.

Сондай-ақ концертке Солтүстік Қазақстан облысының тумалары, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыргөзов пен Дәурен Ғлымовтар қатысты. Азамат Жылтыргөзов Бақыт Ілиясовпен, Ермек Бірімжановпен және Руслан Мустафинмен бірге «Севильский цирюльник» шығармасынан Фигаро каватинасы композициясын орындады. Солистердің дауыстарының тембрі мен диапазонын естіген көрермендер туындыны қайта орындауды сұрап, шапалақ ұрды.

Жиналған қауым үшін ерекше тосынсый Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмиллә Серкебаеваның өнер көрсетуі болды. Ол Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың есіміне арнап энергия мен толғанысқа толы «Поппури» композициясын орындады.

Жұлдыздардың қатарында халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары да болды. Өздерінің тартымды нөмірлерін хореографиялық балалар ансамблі мен құлағында мүкісі бар балалардан құралған Қазақстандағы жалғыз ансамбль «Sensetive» ұсынды.

Концертке сонымен қатар Солтүстік Қазақстанның жас өнер иесі Әмина Жапар да қатысты. Ол 2017 жылы Сочиде өткен «Новая волна» халықаралық байқауының балалар фестивалінде еліміз намысын қорғаған болатын. Гала-концертте Әмина Тина Тернердің «The simple the best» әнін шырқады. Дарынды қыз өз дауысымен залға жиналған көрерменнің жүрегін жаулап алды. Оған дәлел - тоқтаусыз соғылған шапалақтар.

Ал «Ринго» мен «Аюми» топтары жастардың көрігін қыздырды.

Солист Біржан Есжанов пен мерекелік бағдарламаға қатысушылардың «Жерім менің» композициясын орындауы гала-концерттің соңғы әрі жарқын нөмірі болды.

 

Соңғы жаңалықтар