Астанада ШЫҰ Жастар форумы өтіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Астанада «Жасыл экономиканы,туризм мен спортты дамыту» атты Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат  тілшісі.

Биылғы форум Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында өтеді. Оған Ресей, ҚХР, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь және Пәкістан мен Үндістаннан келген жастар ұйымының көшбасшылары арнайы келді.

Форум аясында өтіп жатқан ШЫҰ Жастар кеңесінің Х отырысына ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты. Ол ШЫҰ Жастар форумының жастарға түрлі салаларда ынтымақтастық орнату мен тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.

«Қазақстан Республикасы ШЫҰ аясындағы ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысында ХХІ ғасырдың жаһандық тренді жасыл экономика болатынын атап өткен еді. Бұл құрылымдық өркениеттер диалогы ғана емес, тиімді экономикалық және технологиялық ынтымақтастық. Әсіресе, онда жастар негізгі адами капитал ретінде ерекше маңызға ие. Ал ШЫҰ Жастар кеңесі - алуан түрлі салаларда ынтымақтастық орнатуға, тәжірибе алмасуға тамаша мүмкіндік болып табылады. Сіздердің форум аясында ұсынылатын бастамаларыңыз арадағы өзара әрекеттестікті арттырып, ШЫҰ мемлекеттеріндегі жастар саясатында жаңа механизмдердің жасалуына мүмкіндік береді», - деді министр Нұрлан Ермекбаев ШЫҰ Жастар кеңесінің Х отырысында.

Сонымен бірге, министр өткен жылы құрылған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қызметі туралы, жастар арасындағы радикализмнің алдын алу қажеттігі туралы баса айтты.

«Діни фанаттар мен экстремистік ұйым өкілдері үшін жастар ең қорғансыз топ болып саналады. Себебі, жастардың басым бөлігі қиындыққа бой беріп, қауіпті топтарға қосылып кетеді. Сондықтан, кәсіпкерлерді, спортшыларды,  жастар арасындағы көшбасшыларды ауқымды жұмыстар жүргізуге, жұмыссыз жүрген проблемалы жастарды қызықты шараларға, жобаларға, спортқа тартуға шақырамын. Бұл біздің болашағымыз үшін қажет», - деді министр.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің жастары арасында жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған Жастар форумы екі күнге созылады. Онда 2016 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, 2017-2018 жылдарға арналған жұмыс жоспары бойынша тематикалық секциялар, семинар-тренигтер,  пікірсайыстар, кездесулер мен мәдени шаралар өтеді.

Соңғы жаңалықтар