Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің кеңесі басталды

None
None
АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің кеңесі басталды.

Аталған алқалы жиынға ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов төрағалық етуде. Сонымен қатар онда Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі - Қоғамдық қауіпсіздік министрі Мэн Цзяньчжу, Қырғызстан Ішкі істер министрі Зарылбек Рысалиев, Ресей Ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиев, Тәжікстан Ішкі істер вице-министрі Саид Журахунов, Өзбекстан Ішкі істер министрі Баходир Матлюбов қатысуда.

Сондай-ақ басқосуға ШЫҰ Бас хатшысы Мұратбек Иманалиев, ШЫҰ Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымының атқарушы комитетінің директоры Жеңісбек Жұманбеков және бақылаушы мемлекеттердің өкілдері қатысып отыр.

Аталған кеңес ұйымның құрылуының 10 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанына тоқталған Қ. Қасымов, «Ұйымның мерейтойлық жылында Қазақстанға ШЫҰ-ға төрағалық етуі жауапкершілік жүктеп отыр. Осы құрметті құқықты пайдалана отырып, бұл кеңесті Астанада өткізуді ұсындық және Қазақстан бастамасын қолдағандарыңыз үшін алғысымызды айтамыз»,-деді.

Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі кездесуде Қазақстан Ішкі істер министрлігі бірқатар өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарып отыр. «Бұл мәселелерді шешу - біздің ынтымақтастықты жаңа мұзмұнымен толықтырады. Осыған байланысты Қазақстан тарапынан ұйымдасқан қылмыспен күрес жағдайын, есірткінің заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон, ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыспен күрес ахуалын талқылау ұсынылды»,-деп атап өтті ведомство басшысы.

Айта кетейік, кеңес соңында аталған елдердің ішкі істер министрлері ынтымақтастықты дамытуға бағытталған кешенді іс-шараларды көздейтін хаттамаға қол қоюы жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар