Астанада Шыңғыс Айтматов атындағы көшенің ашылу рәсімі өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғызстан Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев Астананың сол жағалауындағы енді дамып келе жатқан жаңа ауданда орналасқан Шыңғыс Айтматов атындағы көшенің ресми ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сілтеме жасап.

Елордамызда көшеге ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың атының берілуі бауырлас елдер - Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық-туыстық байланыстың тамаша үлгісі.

Шыңғыс Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмір жолы қазақ топырағымен тікелей байланысты. Ол өзінің естеліктерінде: «Мен шетке шыққанда әрқашан қастерлеп жүретін екі асылым бар - біріншісі Манас эпосы, екіншісі - Мұхтар Әуезов», деп кездейсоқ жазған жоқ.

«Шыңғыс Айтматов - екі елге тең тұлға, бәріміздің ортақ мақтанышымыз. Бәріміз ұлы қаламгердің шығармашылығын қатар оқып өстік. Бүгінде де өскелең жас ұрпақ Шыңғыс ағамызды сүйіп оқиды. Өйткені оның шығармалары бізге өте жақын. Онда екі туысқан халықтың қилы тағдыры мен терең тамыры жатыр», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Қырғызстан Премьер-Министрі М. Абылгазиев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Астана көшелерінің біріне ұлы жазушының есімін беру туралы шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғысын білдірді.

«Шыңғыс Айтматов қазақ-қырғыз халықтарының ұлттық игілігі. Қазақстан елордасы көшелерінің біріне жазушы есімінің берілуі өте қуанышты жағдай, себебі Астана - Еуразияның басты әрі күн сайын гүлденіп жатқан қалаларының бірі. Барлық қазақстандықтарды тәуелсіз Қазақстанның символы - Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Бауырлас қазақ халқының барлық жетістіктеріне шын жүректен қуанамыз», - деді Мухаммедкалый Абылгазиев.
null

Қазіргі таңда Бішкек қаласында Абай, Ш. Уәлиханов және М. Әуезов атындағы көшелер бар.

Айта кету керек, Ш. Айтматов атындағы көше (еск. бұрынғы атауы - №199 көше) жалпы маңызы бар магистральді жол, сегіз қозғалыс жолағы бар. Көше 2016 жылы 1,8 шақырым ұзындықта Қорғалжын тас жолынан Е-10 (Сығанақ) көшесіне дейінгі учаскеде салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде көшені Е-10 (Сығанақ) көшесінен Ұлы дала көшесіне дейін 3 шақырымға ұзартып салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жол учаскесінде көлік қозғалысы 2019 жылы басталады, ал құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беру 2020 жылға жоспарланған.
null

Көше мен оның аумағын дамыту жөніндегі алдағы жоспарлар туралы Астана қ. бас сәулетшісінің орынбасары Антон Максимов баяндады.

«Шыңғыс Айтматов көшесі - елорданың басты көшелерінің бірі, 2020 жылы іске қосылатын айналма жолдың бір бөлігі болып табылатын көлік магистралі. Сонымен қатар, ол Талдыкөл көліндегі «Нұржол» желекжолы өсінің бастауы, оның аумағында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ауданның барлық нысандары жаңа, қайта жөнделген нысандар жоқ. Көше бойынша 2 млн м² тұрғын үйге, жүздеген ғимараттарға, мыңдаған пәтерлерге Шыңғыс Айтматовтың есімі беріледі», - деді А. Максимов.

Бұдан өзге, Астананың бас сәулетшісінің орынбасарының мәлімдеуінше, Қорғалжын тас жолынан бастап Талдыкөл көлінің бойында, көшенің ұзына бойымен демалыс саябақтары, инфрақұрылым нысандары орналасатын жаңа рекреациялық аймақ құру жоспарланған.

«Биыл жобалау жұмыстарын аяқтап, оңтүстік бағытта Ұлы дала көшесіне дейін көшені жалғастырамыз. Шыңғыс Айтматов көшесінің шығыс бөлігіне - құрылыс нысандары салынады, ал батыс бөлігі - рекреация аймағы, қалпына келтірілуі, көгалдандыруы, абаттандырылуы тиіс Талдыкөл көлі. Кеңес одағында ең көгалдандырылған қалалардың бірі болған Фрунзе қаласы мен қаладағы ең жасыл көше болуы тиісті Астанадағы Шыңғыс Айтматов көшесі арасында үлкен байланыс бар», - деп сөзін қорытындылады А. Максимов.

Шыңғыс Айтматов (1928-2008) - танымал қырғыз жазушысы, мемлекет қайраткері. Еуропа академияларының құрметті академигі, Қырғызстанның және КСРО-ның Жоғары кеңесінің депутаты болып бірнеше рет сайланған. ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты (1993 ж.).

Ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін, Премьер-Министрлер Б. Сағынтаев пен М. Абылгазиев елорданың бірқатар ірі нысандарын аралады: бұл «Экспо-2017» халықаралық көрмесін өткізу аумағында орналасқан «Нұр Әлем» павильоны мен АТ-хаб, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы және Ұлттық музей.
Еске сала кетейік, Қырғызстан Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев Астанаға 2018 жылғы 17 тамызда өтетін Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің жетінші отырысына қатысу үшін келді.

Соңғы жаңалықтар